Өткен аптада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нұрымова Гүлдара Алданышқызы ісспармен ауданға келіп, бірқатар ауылдарда болды. Сапарын Айдарлы ауылынан бастаған депутат ауылда соғылып жатқан құрылыс нысандарының жай-күйін бақылап, жұмыс барысымен танысты. Айдарлы ауылдық клубының құрылысын жүргізіп жатқан “НИК-Тараз” ЖШС-нің өкілімен тілдесіп, жұмыстың сапалы әрі уақытылы бітуіне күш салу керектігін айтты. Биыл наурызда басталған құрылыс келесі жылы мамырда аяқталуы қажет. Құрылысқа 240 млн. теңге бөлінген.
Осы ауылдағы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында соғылып жатқан спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын көрген мәжіліс депутаты мердігер компания “НұрҚұрылыс-болашақ” ЖШС-нің жұмысына көңілі толмағанын ашық жеткізді.
-Құрылыс жұмыстарына 329 млн. теңге бөлінген. Жұмыс 2022 жылдың қыркүйек айында басталған. Жоспар бойынша биыл 31 шілдеде аяқталуы қажет. Алайда жұмыс басында жұмысшылар жоқ, жұмыс кестесінен 2 айға қалып барады. Айдың соңына дейін береді дегенге күмәнім бар, жұмыстарыңыз тым баяу, -деді Гүлдара Алданышқызы.
Сапардың келесі аялдамасы Хантау ауылы болды. Депутат ондағы жүргізіліп жатқан магистральдық және ауыз сумен жабдықтау желілерінің құрылысымен танысты. Құрылыс жүргізіп жатқан “СпецКоммунСтрой” ЖШС өкілі Қайнар Төкеновпен тілдесіп, мән-жайды білді.
2023 жылдың қазан айында басталған құрылыс нысанына 506 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 2 дана ұңғыма, су көтеру имаратының жұмыстары жүргізіліп, құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Аяқталуы ағымдағы жылдың қазан айы.
-Қазіргі уақытта жұмыс кестесінен қалып бара жатқан құрылыс басында жұмысшылардың болмауы жұмыстың одан ары да кешігуіне себеп болуы мүмкін, – деді Мәжіліс депутаты.
Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты мен аудан әкімдігінен құрылған жұмысшы топ Ақбақай ауылына жол тартты. Онда Елімізде ресурстық база көлемі бойынша (6 базаның ішіндегі) ең ірі 3 алтын өндіруші қатарына кіретін “Алтын Алмас” АҚ кен өндіру комбинатының жұмысымен танысты.
“Алтын Алмас” АҚ 1993 жылы құрылған. Бүгінде Жамбыл, Абай, Ақмола және Қарағанды облыстарында жұмыс істейді. Жалпы 4 өңірде 4 777 жұмысшы бар. Мойынқұм ауданы, Ақбақай ауылындағы филиалында 1050 адам еңбек етеді. Жұмысшылар ауысым (вахта) бойынша 15 күн қызмет жасап, 15 күн демалады. Орташа жалақы мөлшерлері 400-500 мың теңгені құрайды. Жұмысшылардың басым бөлігі Мойынқұм ауданының тұрғындары.
Жерасты тау-кен жұмыстарын онлайн форматта басқару жүйесімен танысты, толық автоматтандырылған заманауи үлгіде жасалған. Жерасты шахтасы 600 метр төменде орналасқан. Шахтада байланыстың үзілмеуін қамтамасыз ету мақсатында Wi-Fi роутерлері орнатылған.
Кен өндіру комбинатының жұмысымен танысып шыққан Мәжіліс депутаты комбинат басшылығына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес адам өмірі мен денсаулығы бірінші қатарда болуы тиіс екенін тілге тиек етіп, кеншілердің қауіпсіздігін одан әрі дамыта беру жолында аянбай еңбек етуді ұсынды.