Осы аптаның сәрсенбісінде Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Әшірәліұлы Бисембаев ауданда іссапармен болды. Басқарма басшысы ауданда жүргізіліп жатқан құрылыстардың жай-күйін көзбен көріп, жұмыс барысымен танысты. Алдымен ол Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Сарыөзек ауылында салынып жатқан 5 келушіге арналған медициналық тірек пунктінің құрылысымен танысып шықты. Құрылыстың аяқталу мерзімі тамыз айына белгіленген. Құрылыс жоспарға сай жүргізілуде.
Келесі кезекте Қарабөгет ауылында бой көтеріп жатқан 80 орындық Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінің құрылысымен танысып, мердігер «Quality Design & Technology Construction» ЖШС-нің өкілімен тілдесті.
Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев іссапар барысында Айдарлы ауылындағы №2 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесімен, осы ауылда салынып жатқан 90 орындық ауыл клубының, спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыстарымен танысты.
Сонымен қатар Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының да жай-күйі туралы ақпарат алды.
Келесі кезекте Хантау ауылындағы магистральдық су құбыры желілерінің, Ақсүйек ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырының құрылыс жұмыстарын зерделеді.
Содан соң Мыңарал ауылындағы Кенесары Қасымов атындағы орта мектебінің құрылысымен танысып шықты.
Сапар барысында аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына жауапты қызметкерлер мен сол құрылысты жүргізіп жатқан мердігерлердің өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді. Жиында басқарма басшысы құрылыс жұмыстарына қойылатын бірқатар талаптарды түсіндіріп өтті. Сонымен қатар құрылыстық техникалық бақылаушыларына да құрылыс сапасының талап деңгейінде болуын жіті қадағалауды тапсырды.