Өткен аптаның соңында аудан орталығы Мойынқұм ауылында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Сенбілікке аудан әкімінің аппараты мен әкімдік бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Ауылдың кіре берісінен бастап батыс бөлігіне дейінгі аумақты қамтыған сенбілікте Амангелді көшесінің бойы қоқыстардан тазартылып, арам шөптері жұлынды. Шу өзені бойындағы көпірдің қоршауы боялды. Сонымен қатар аудан әкімдігінің қоршауының сырты арамшөптерден тазартылды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов сенбілік барысымен танысып, Қ.Рысқұлбеков көшесінің бойындағы қос қабатты үй тұрғындарымен тілдесті. Көппәтерлі үй тұрғындарына қураған талдарды кесу керектігін айтып, келісімдерін алды. Сол жерде аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаевқа қураған талдарды талапқа сай кесуді ұйымдастыруды тапсырды.