Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиевпен бірге аудан көлеміндегі 2024-2025 жылғы қысқы жылыту маусымына дайындықты бақылау мақсатында бірқатар ауылдарды аралады.
Алдымен Көкжелек ауылында болып, ондағы ауыл әкімі аппаратының ғимараты, Б.Момышұлы атындағы орта мектебі, аталған мектептің қазандығы және ауылға су тарату имаратының жай-күйімен танысты.
Ержан Әлімханұлы Қызылтал ауылдық округінің әкімі Жәнібек Айдарқұловқа тамыз айының біріне дейін ауылды қоқыстан тазарту, ескірген ақпарат тақтайшаларын жаңарту, аялдаманы сырлауды тапсырды.
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінде жылыту маусымына байланысты басты мәселе мектептің электр жүйесі жеке трансформатормен қамтылмаған. Сол себепті қыс мезгілінде қазандықтағы су қуалау қозғалтқыштарын қосқан кезде қиындықтар туындайды екен. Мәселенің мән-жайын естіген Ержан Әлімханұлы мектеп директоры Арайлым Жуасбаеваға сұраныстарын дайындап, жылыту маусымына дейін мектепке жеке трансформатор орнатуға қол жеткізуді тапсырды.
Содан жұмысшы топ Көкжелек ауылына су тарату имаратында болып, Ержан Әмірханов «Мойынқұм су-жылу» КМК-ның шебері Талғат Әбітбековке имарат айналасының тазалығын ретке келтіруді, имарат ішіндегі мембрана қондырғысы орналасқан ғимараттың сынған есігін дереу қалпына келтіруді тапсырды.
Ержан Әлімханұлы бастаған топ ары қарай Бірлік ауылына жол тартты. Онда алдымен «Байбарақ-Агро» кооперативінің жүгері алқабына барды. Мұнда жүгері дақылы егіліп, қазіргі таңда жақсы өсіп тұр, қыркүйек айында жиналады деп күтілуде.
Содан кейін Бірлік ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратында ауылдық округтегі мемлекеттік мекемелердің өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында аудан басшысының міндетін атқарушы жаз мезгілі – қысқа дайындық уақыты екенін алға тартып, қысқы жылыту маусымына дайындық пен ауылдың, әрбір жұмыс орнының тазалығына күш салу керектігін айтты. Сол себепті аптаның дүйсенбісінен бейсенбісіне дейін, ғимараттардың ішінің тазалық жұмыстарын жүргізіп, жұма күні ауылды тазарту керектігін тапсырды.
Келесі кезекте зерделеуші топ Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын көзбен көріп, жөндеу жұмыстарымен танысып, жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды. Сонымен қатар қазандықтың ағымдағы жөндеуін мерзімінде жүргізу керектігін айтты.
Сол сияқты ауылдағы «Ақбөпе» бөбекжай бақшасы, спорттық сауықтыру кешенінде болып мекемелердің қысқы жылыту маусымына дайындығымен танысты.
Сонымен қатар зерделеуші топ Биназар ауылдық округінде де болды. Зерделеу барысында округ әкімі Қамбар Атаевқа ауыл іші тазалығы мен абаттандыруға байланысты бірқатар ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ Биназар ауылдық округіндегі О.Жандосов атындағы орта мектебінің қысқы жылыту маусымына дайындығын зерделеді. Биназар ауылының тұрғындарын ауыз-сумен қамтамасыз етіп отырған су сүзгіш аппаратының жай-күйімен танысты.
Ержан Әлімханұлы келесі кезекте Қызылотау ауылдық округіне жол тартты.Онда да округ әкіміне ауыл іші тазалығы мен абаттандыруға байланысты бірқатар ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы орта мектебінің қысқы жылыту маусымына дайындығын зерделеді. Қызылотау ауылының тұрғындарын ауыз-сумен қамтамасыз етіп отырған су сүзгіш аппаратының жай-күйімен танысып қайтты.