Мойынқұм таңы

Жастар – елдің болашағы

0 24

Бүгінде еліміздің әрбір үшінші тұрғыны «жастар» санатына жатады. Қазір 14 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар «жастар» болып саналады. Жастар ел халқының 30 пайызға жуық үлесін алып отыр. Бүгінгі жастар – елдің белсенді буын өкілдері. Қарап отырсаңыз, жастар өмірдің қозғаушы күші іспетті. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет жастардың жағдайын тасада қалдырмаса керек.

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл мерекеде жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жер-жерде түрлі іс-шаралар қолға алынады. Осылайша әлем халықтарының жастары бұл мерекені ерекше атап өтуді жөн көрді. Бұл мерекені атап өтуде Мойынқұмда құралақан емес.

Осы аптада «Жастармен біргеміз» ұлттық жобасы аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінде «Еңбек бәрінде жеңбек» атты тақырыпта жастар бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, «Аманат» партиясы, «Мансап» орталығы, аудандық ішкі істер, төтенше жағдайлар бөлімдері, «Аяла» жастар орталығының өкілдері қатысып жұмыс іздеген жастарға ұсыныс-кеңестерін берді. Жобаның ашылу сәтінде сөз алған «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту «Жастармен бірге!» атты тақырыптық жобаның онкүндік жоспарын баяндап берді.

— 12 тамыз – Халықаралық жастар күні шеңберінде ұлттық онкүндікті өткізу жастар белсенділігін дамыту, жас азаматардың білім алуы мен өзін-өзі дамыту, қолайлы орта құруға, сондай-ақ жастардан еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған. 3-15 тамыз аралығында өтетін әр күн нақты атаумен белгіленген. Осы ретте мереке аясында түрлі ағартушылық іс шаралар, көрмелер мен флешмобтар ұйымдастырылады. Жастар қоғамның барлық саласынан көрініп, белсенділіктерін көрсетуге мүмкіндік туады. Ұлттық онкүндік шеңберінде тақырыптық бағыттар айқындалды. Аудан жастары он күн бойы төмендегі тақырыптар бойынша іс шараларға қатысады. Экологиялық мәдениетті дамыту, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, көшбасшылық және кәсіби даму идеяларын ілгерілету, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, білім құндылықтарын, зияткерлік дағдыны дамыту, ғылымды танымал ету, қайырымдылықты қолдау, өзара көмек және әлеуметтік жауап­кершілік идеяларын іргелілету, коммуникация дағдыларын дамыту, инновациялық әлеуетті қолдау, еңбекқорлық құндылықтарын іргелілету, жастардың экономикалық белсенділігін арттыру, ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттау, ұлттық сананы нығайту, нашақорлықтың, лудоманияның және вандализмнің, асоциолды мінез құлықтың таралуының алдын алу. Аталған іс-шаралар тізбегі жастардың әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға жол көрсету, қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді атсалысуын насихаттау мақсатында және ауыл жастарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін өткізіледі, — деді Мәди Жәнібекұлы.

Жәрмеңке барысында жоғарыда аталған мекемелердің қызметкерлері шараға келген жастарды қабылдап өз салалары бойынша кеңестерін берді. Кеңес беру алаңына 50-ге жуық жас келіп өздерін қызықтырған сауалдарға тұщымды жауап алды.