Мойынқұм таңы

Тарихын таныған – болашағын барлайды

0 26

Тарих сөзі араб тілінен аударғанда оқиғалар туралы әңгіме деген мағына білдіреді. Адамдардың басынан өткен жағдайын жүйелі түрде баяндайтын ғылым – тарих ғылымы.

«Өткеніңді білмей, болашағыңды бағамдай алмайсың» деген аталы сөз тарихты жас жеткіншектің бойына сіңірудің қаншалықты маңызды екенінің дәлелі іспеттес. Балалардың бойында өткен тарихтан нәр ала алатындай бала жадында отан тарихына деген сөнбес қызығушылық оятуды басты мақсат еткен ауданымыздың ардагерлері, Құр­метті азаматтар Мақсат Сейдалиев пен Мұханбетқұл Сабыровтар бастаған ауданның бір топ зиялы қауым өкілдері ауданымыздың құрылғанына 60 жыл толуына орай «Ақылдастар алқасын» құрып, аудан тарихындағы тұлғалар жайында жазылған энциклопедиялық жинақ шығаруды қолға алды.

«Ақылдастар алқасына» Расул Қажы Ақжолов, Ерқадыр Жұмабаев, Ораз Үйсінбаев, Ғалия Шубаева, Әкебай Ертаев, Сейдахан Мұстафин, Данатай Есеналиев, Жамбыл Қалыбаев, Ұланбек Әліпбеков сынды бірқатар ел мен жердің тарихына жанашыр тұлғалар мүшелікке кірген. Осы аптаның сейсенбісінде «Ақылдастар алқасының» бастамасымен ауданның бірқатар зиялы қауым өкілдерінің бас қосуы өтті. Бас қосудың басты тақырыбы да сол энциклопедияға жазылатын ауданның құрылуына, толыққанды аудан болып қалыптасуына өзінің үлесін қосып, еңбегін сіңірген тұлғалардың тізімін анықтау және тізімді анықтау барысында қандай да бір елеулі еңбегі сіңген азаматтардың қалып қоймауы болды.
Жиын барысында Мақсат Сейдалы­ұлы мен Мұханбетқұл Сабыров­қа қазіргі таңға атқарылған жұмыстарымен таныс­тырып өтіп, жиынға қатысушылардан тізімді әлі де толықтыру үшін ұсыныстар жинақтауды сұранды.

Сонымен қатар, «Мойынқұмның жүз тұлғасы» атауымен жазылады деп жоспарланған бұл энциклопедияның атауы да жаңадан таңдалуы керектігі де ескертілді, себебі қазіргі таңда жинаққа кіретін тұлғалар саны 232 — ге жетіп отыр екен.

Құрметті мойынқұмдықтар! Әлі де осы жинаққа кіруі тиіс тұлғалардың тізімі жасақталуда. Осыған орай әрбір аудан азаматы ауданның тарихының жазылуына бейжай қарамай, жинаққа кіруге лайықты деген тұлғаны ұсынса деген тілегіміз бар. Ол үшін 8 (771) 235-53-24, 8 (775) 740-97-27 ұялы телефон нөмірлері арқылы Мұханбетқұл Сабыров пен Мақсат Сейдалиевке хабарласып, ұсыныс білдіруге болады. Сонымен қатар, ауыл тарихына өз үлесімді қосамын, қаржылай қолдау көрсетемін деген азаматтарға да еш кедергі жоқ. Себебі аудан тарихы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ардагерлеріміздің барлық шығындары тек өз қалталарынан шығып жатқаны белгілі. Аудан тарихының келесі ұрпақтарға айнымай, өзгеріссіз жетуі үшін ел болып атсалысайық, құрметті жерлестер!