Мойынқұм таңы

Аппараттық кеңестің отырысы өтті

0 25

Күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралды. Алдымен аудан әкімі аппара­тының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы республикалық референдумға дайындық барысына тоқталып, референдумды өткізу және ұйымдастыру жұмыстарын ширату қажеттігін айтты.

Аудандық сайлау комиссиясының тө­рағасы Сержан Садуақасов референдум учаскелерінің дайындығын, ал аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева ақпараттық топтың насихаттық жұмыстары жайлы айтып өтті.

Аудан әкімдігінің тұрғын-үй комму­налдық шаруашылық, жолаушылар кө­лігі және автомо­биль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев күзгі екі айлық көріктендіру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын баяндады. «Ағымдағы жылдың 7 қыркүйек күні аудандағы 16 ауыл, ауылдық округтердің барлығында аудан бойынша сенбілік жұмыстарына 393 адам қатысып, ауыл аумағында орналасқан ауыз су имараттарының маңындағы арам шөптерді жұлып және шашылған қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Шамамен 16 тоннаға жуық қоқыстар шығарылды.

Мойынқұм ауылында ұйымдас­тырылған сенбілік барысында кіре берісте орналасқан қақпаның маңайындағы жолдың бойы және «Керей мен Жәнібек» ескерткішінің маңы жолдың бойында өскен арам шөп­терден шабылып, тазаланды. «Абылайхан» алаңының шөбі шабылды, аурухананың қоршаулары әктелінді. Қанғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орнының аумағы арам шөптерден тазаланды, – деді бөлім басшысы.

Бұдан кейін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Ерболат Әбілдаев 2024 жылға күзгі әскерге шақыру жұмыстарының барысын баяндады.
Аудандық мемлекеттік кірістер бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Байтик жалпыға бірдей декларация туралы баяндап, тапсыру мерзімі 15 — қыркүйекке дейін екенін айтып өтті.

Аппараттық кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы тиісті бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.