Аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған жұмысшы топ ауданның өндірістік аймағында орналасқан Мыңарал ауылдық округінде болып, ауылдық округтің тыныс-тіршілігіне шолу жасады. Жұмысшы топтың сапары Мыңарал ауылдық округінің аумағында орналасқан «Jambyl Cement» зауытының жұмыстарымен танысып, зауыт ұжымымен кездесу өткізді. Содан кейін Мыңарал стансасында орналасқан Мыңарал орта мектебінің қысқы жылыту маусымына дайындығы мен мектептің жалпы жай-күйін бақылап шықты.
Келесі кезекте Мыңарал ауылдық округіндегі су тарату имараты мен ондағы су тазарту құрылғыларының жұмысын қарап, түйткілді мәселелер туралы сала қызметкерлерінен бірқатар ақпараттар алды.
Ауылдық округтегі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан К.Қасымов атындағы орта мектебі жұмысшы топтың келесі аялдамасы болды. Мұндағы құрылыс материалдары мен құрылыстың сапасына көңілі толған аудан басшысы мердігер компанияның басшылығына ең басты талап құрылыстың сапасы жоғары болуы керектігін ескертіп, құрылыстың мерзімінде аяқталуын талап етті.
Сапар барысында Ермек Амангелдіұлы бастаған жұмысшы топ ауылдық округтегі балық зауытында болып, зауыттың атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, зауыт қызметкерлерімен тілдесті.
Сапар соңында ауылдық клубтың мәжіліс залында аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесуде ауыл тұрғындары аудан әкімінің жаңадан бастаған қызметіне сәттілік тіледі, көкейдегі сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Өз кезегінде аудан басшысы да нақты жауаптар беріп, айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.