Мойынқұм таңы

Қарттарым – асыл қазынам

0 27

«Ауылыңда төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген дана халқымызда қанатты сөз бар. Сондықтан да қазыналы қарияларымызға деген құрмет толастамақ емес. Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімі Ермек Карентаевтың арнайы қатысуымен Еңбек күні мен Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты кеш өтті.

Аудан әкімі Ермек Карентаев ақ жаулықты әжелер мен қарияларды айтулы мерекемен құттықтап, қариялардың ауданға қосқан үлестері жайында айтып, бірнеше еңбек адамдарын Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов сөз алып, мереке иелеріне ақжарма тілегін білдіріп, Алғыс хатын табыс етті.

Кездесуде қариялардың құрметіне ақ дастарқан жайылып, сый-сияпат жасалды.
Мерекелік жиын барысында сөз алған ауданның Құрметті азаматтары Мұратхан Естаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыров, ауданның өркендеуіне үлес қосқан Орынбет Төлегенов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, аудандық «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Шаһаркүл Оспановалар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әсіресе жастар тәрбиесіне жіті мән беру керектігіне тоқталып, аудан басшысына ақ жарма тілектерін айтып, ақ батасын берді.

Жиын соңында аудан өнерпаздары, домбыра, баян аспаптарын серік еткен Ержан Омаров, Жансерік Пәрмешовтер «Менің әкем жақсы адам», «Бір шәугім шәй» әндерін орындап, жиналғандардың көңілін серпілтті.