Мойынқұм таңы

Халықтың пікірі ескерусіз қалмайды

0 25

Кеше аудан әкімі Ермек Карентаев 2022 жылғы 3 наурыздағы Мемлекет басшысының 826 барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығына, алдын ала жарияланған жұмыс жоспарына сәйкес аудан орталығы Мойынқұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Жиынды сұрақ-жауап стилінде өткізу туралы ұсыныстар айтылды. Осы ұсыныс негізінде ауыл тұрғындары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, ауыл ақсақалдары Серік Нарымбетов, Мұратхан Естаев, аудандық мәслихат депутаттары Қанат Көшербаев, Бекболат Өткелбаев, аула клубының мұғалімі Абзал Сұлтанов, Жансая Бекболтаевалар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.

Атап айтқанда ауыл халқы тарапынан мал жайылуға арналған аумақтар бөлу, бада ұйымдастыру, қоқыс полигондарын реттеу, ауыз су мәселесін түбегейлі шешу, ауыл ішіндегі электр энергиясын тасымалдаушы бағандардың орналасуы, көше жарығы, ауылды көгалдандыру, тұрғындар арасында үй жануарларын ұстаушылардың жауапкершілігін арттыру, халықты ауыл аймақты таза ұстауға баулу үшін жұмыстар жүргізу, инватакси қызметінің санын арттыру, жалпы аудан тұрғындарының қоғамдық орындарда, аулалардағы жауапкершілігін нығайту шараларын мықтап қолға алу туралы ұсыныстар-пікірлер айтылды.

Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдаламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков, Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл жауап берді.

Аудан басшысы осы аталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, белгіленген уақытта өз деңгейінде орындалуын талап етті.