Мойынқұм таңы

Жуалыда картоп өсірушілерге арналған семинар өтті

0 24

Жуалы жерінде картоп жақсы өседі. Бұған, бәлкім, топырақтың құнарлы, ауа райының қолайлы болуы да әсер ететін болар, сірә. Әйтеуір, соңғы жылдары аудан жұрты дақыл түрлерінен көп өнім алуды жақсы меңгеріп келеді.Жақында картоп өсірушілерге арналған облыстық семинар Жуалы ауданы, Түктібай ауылындағы «Злиха» шаруа қожалығының базасында, картоп алқабының басында өтті. Іс-шараға қатысушылар картоп қазу процесіне және оның қандай топырақ пен ауа райында өндірілетінін көзбен көрді.

Облыстық семинарға ауыл әкімдері, тиісті бөлім басшылары және картоп өсіруді ниет еткен шаруашылық басшылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шара барысында «Злиха» шаруа қожа­лығының басшысы Нұржігіт Бегалы картоп өсірудің қыр-сырын, тәсілдерін түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті.

–«Злиха» шаруа қожалығында картоп өн­дірісін ұлғайтуға мүмкіндіктердің барлығы қарастырылған. Қолда бар техникалардан бөлек, шаруашылық Гер­манияның «Гримме» фирмасының өнді­ріске арналған техникаларын пайда­лану үстіндеміз. Сапалы тұқым және озық технологияларды өндіріске енгізудің есебінен картоп өнімділігі жыл санап артып келеді. Шаруашылықта ауыспалы егістіктің әдіс-тәсілдері мен тиісті агротехникалық шаралардың барлығы қатаң сақталады. Ендігі кезекте шаруашылық ісін дамытумен қатар, картопты терең өңдеуге де көңіл бөлудің уақыты келді. Қазір бізде шағын өндіріс орнын ашып, картоптан құрғатылған фри өнімін шығарсақ деген жоспар бар. Біздің шаруашылықта өндірілген сапалы картоп отандық нарықта үлкен сұранысқа ие. Тұқымды да жыл санап жаңарта отырып, өндірісті ұлғайтсақ деген ниет бар»,– деді Нұржігіт Мамырұлы.

Семинар барысында қатысушылар қо­жалықтың сыйымдылығы 1 500 тоннадан асатын екі бірдей картоп сақтау қоймасы мен егіс алқабын аралап, ондағы жұмыстардың барысымен танысты. Жалпы Жуалы ауданы бойынша 1585 гектарға картоп егілсе, оның 4,4 пайызы осы «Злиха» шаруа қожалығына тиесілі екен.
Жиын соңында шаруа қожалық жетекшісі картоп өңдейтін кәсіпорын ашуды және өзі өсірген өнімнен картоп крахмалы, фри мен чипс шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Семинарға қатысушы шаруалар картоп өсірудің озық тәжірбиесінің куәсі болып, осындай жобаны жүзеге асыруды ойларына түйіп, тарқасты.