Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, құқық қорғау органдарының өкілі, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «2024-2025 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының нәтижесі» бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев хабарлама жасады.
– 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымын 15 қазаннан бастау туралы 2.10.2024 жылы №71 өкім шықты. Бұл маусымға білім, денсаулық, әлеуметтік-мәдениет нысандарына қажетті барлығы 13300 тонна көмір болса, оның 12561 тоннасы түсірілді. Жалпы аудан көлемінде 108 қазандық бар, оның 38 қазандығы 100 Гкалдан жоғары және 70 жәй пештердің барлығы жылу беру жұмыстарын 15 қазаннан басталды, -деді Талғат Қәдірханұлы.
Хабарламашыға аудан әкімінің орынбасары Ержан Әлімханұлы мен аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы бірқатар сұрақтар қойып мән-жайды нақтылады.
Келесі «Аудан бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы» мәселе бойынша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақов хабарлады.
– 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17 750,0 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 %-ға орындалады деп күтіліп отыр. Жалпы ауданда іске қосылуы жоспарланған 800,0 млрд. теңгені құрайтын 9-инвестициялық жоба бар. Жүзеге асыру мерзімдері: 2024-2027 жылдар аралығы, -деді бөлім басшысы.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Аудандағы құрылыс нысандары туралы» аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Өнер Жүнісбеков айтып өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерден кейін аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев жиналғандарға хабарлама жасады.
Содан кейін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева сөз алып, 2025 жылға басылымдарға жазылу науқаны басталғаны жөнінде хабарлап, басылымдарды қолдауға шақырды.
Жиын соңында аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы қаралған мәселелер бойынша айтылған ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, тапсырмаларды дер кезінде, әрі тиянақты орындауды ескертті.