Осы аптада аудандық мәслихаттың мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысын аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов ашып, күн тәртібімен таныстырды.
Сессияға аудан әкімі Ермек Карентаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияда аудан әкімінің мәслихат депутаттары алдындағы есебі, Мойынқұм ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру және аудандық эвакуациялық комиссиясының құрамы туралы мәселелер қаралды.
Алдымен аудан әкімі Ермек Карентаевтің баяндамасы тыңдалды. Баяндамада аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы, оның ішінде өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі, құрылыс жұмыстары, аудан бюджеті, ауыз сумен қамсыздандыру, автомобиль жолдары және мәдениет, спорт, денсаулық салаларына тоқталып, оңды өзгерістермен орындалмаған көрсеткіштерді де атап өтті.
Жалпы ауданның бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Мәселен, аудан бюджетінде 2024 жылдың 1 қыркүйегіне меншікті кірістер 2 085,3 млн. теңгеге орындалып (жоспар 959,2 млн. теңге) бюджетке 1126,1 млн. теңге жоспардан артығымен түскен. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 10,8 млн. теңге болса, 21,8 млн. теңгеге орындалып, жоспардан тыс 11,0 млн. теңге немесе 2 есеге артық орындалған. Ал негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге 4,8 млн. теңге түскен.
Жиында жарыс сөзге жазылған аудандық мәслихатың депутаты Манарбек Көшкімбаев өз хабарламасын жасады. Хабарламада аудан әкімінің есебі тыңдалғанын тілге тиек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оңды өзгерістер бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ бірнеше мәселелерді аудан әкіміне жеткізді. Атап айтсақ Мойынқұм ауылының көше жарықтары мен қорым маңын қоршау мәселесі, Біләл Омаров көшесіндегі бағдаршамның теріс қойылғаны және Қылышбай ауылындағы ауыз су мәселесі мен кіреберіс көшені жөндеу керектігін атап өтті.
Аталған мәселелер бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсембаев пен Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрақұл өз жауаптарын берді.
Содан соң Мойынқұм ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру және аудандық эвакуациялық комиссиясының құрамы туралы мәселелер тұрақты комиссия отырысында қаралғандықтан шешім жобасы ұсынылып, дауысқа салынды. Өкілеттігі бар депутаттар ұсыныстар мен шешім жобасын дауысқа салып, тиісті шешімдер қабылдады.