Аудан әкімдігінің қаржы бөлімі, «AMANAT» партиясы және «Халық банкімен» бірлесе жасалған меморандум аясында «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынған болатын.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Аудан тұрғындарын «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының аймақтағы білікті бизнес-тренерлері тегін оқытты. Оқу бағдарламасы аясында олар несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдарға, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлермен жұмыс жүргізді.
Жоба аясында бизнес-тренерлер отбасылық қаржыны тиімді жоспарлау туралы пайдалы кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ, банктермен келісім шартқа отырғанда ескеру қажет мәселелерді кеңінен түсіндірді.
5 күндік курс барысында жобаға қатысушылар бизнес-жоспар жасауды меңгеруге де зор мүмкіндік алып отыр. Бұл өз кезегінде, енді ғана кәсіп бастап отырған азаматтарымыз үшін тиімді болмақ. Мамандар бизнес-жоспарды үйретіп қана қоймай, бірлесе бастаған жұмыстарын жыл соңына дейін сүйемелдейтін болады. Бұл шараның барлығы тегін жасалынатын болады. Сонымен қатар, жоба қатысушыларымен заңгерлер де жұмыс жасап, кеңес беретін болады. Бұл жоба ешкімнің несиесін жауып бермейді. Дегенмен қолда бар қаржыны тиімді жұмсап, банк алдындағы берешегі бар азаматтарға қарызынан құтылудың жолдарын айқындап беретін болады.