Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – алаяқтық қылмысы болып отыр. Алаяқтар адамның сеніміне кіру жолымен алдау-арбау арқылы бөтеннің мүлкін иемденуде. Заманымыз дамып, цифрлық жүйеге көшеміз деп күнделікті адамдардың ой санасын дамытуға тырысқанымызбен, екінші жағдайда олардың алаяқтық қылмысының құрбаны болуына тап келулері бүгінгі күннің күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Осыған байланысты онымен күрес те тиісті орган тарапынан күшейіп жатыр.
Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында интернет алаяқтарға алданып қалмаудың алдын алу мақсатында аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен жиын өтті.
Оған аудан әкімі Ермек Карентаев, аудан прокуроры Талғат Оспанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Көпбаев, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, мекеме, бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы ашып, аудан прокуроры Талғат Қыдырәліұлына сөз берді.
− Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Қазір елімізде «WhatsApp» әлеуметтік желісінің чаттары арқылы, интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және жалған интернет несиелер алу арқылы жасалған қылмыстар көптеп кездесуде, — деді аудан прокуроры Талғат Оспанов.
Содан кейін аудан прокуроры Талғат Қыдырәліұлы, баяндама жасау үшін аудан прокуратурасының прокуроры Жаннұр Сиханға сөз берді.
– Соңғы кездері елімізде интернет алаяқтық көбейіп барады. Статистика бойынша, ауданда ағымдағы жылдың тиісті мерзімінде өткен жылмен салыстырғанда жалпы алаяқтық қылмыс 14% ға төмендеген. Алайда интернет алаяқтық 100 % ға, яғни 2 ден 4-ке өскен. Өкінішке орай олардың ешқайсысы бүгінгі күнге ашылмаған және сотқа жолданбаған. Мысалыға 2023 жылы — 2, 2022 жылы — 5 интернет алаяқтық тіркеліп, соңғы 3 жылда 11 интернет алаяқтық орын алып отыр. Олар тұрғындарға жалпы 23 млн. 687 мың теңге шығын келтірген. Аудан прокуратурасы интернет-алаяқтық қылмыстарының профилактикасын алдын алу бойынша бейнеролик құрастырып, жергілікті газетке мақалалар және инстаграмм парақшалары арқылы аудан тұрғындарының назарына жеткізуде, — деді прокурор Жаннұр Сихан.
Сондай-ақ жиында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мұхит Махамбетов интернет алаяқтардың қылмыстық ісін тергеп-тексерудің өзіндік қиындықтары барын жасырмады. Мәселен, қылмыскерлер онлайн арқылы санаулы минуттар ішінде ақшаны бірнеше шотқа аударып үлгереді екен. Оны полиция тексерген кезде әрбір аударылған шотқа банктен арнайы санкция алады. Ал бұл дегеніміз қаншама уақытты талап етеді. Тексерілген шоттар елден тыс мемлекеттерден де табылып жатады екен. Сондықтан аудандық полиция бөлімі азаматтарды өз-өздеріне ықтиятты болып, бөтен кісіге телефон арқылы ешқандай құпия деректерді айтпауға, қаржылық бірде-бір іс-шараларды атқаруға жол бермеуге шақырып, ауыл, ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындарына ескерту жазбаларын «WhatsApp» чаттарға салуы керектігін айтты.
Сонымен қатар жиында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев ауданда интернет алаяқтық туралы бейнероликтер аудандағы лед экраннан көрсетіліп, аудандық Жастар ресурстық орталығы тарапынан 500 дана брошюра, 600 дана үнпарақшалар, 8 тақырып интернет алаяқтық бойынша ауылдарда баннерлер ілініп, ауданның әлеуметтік парақшаларында материалдар жарияланғанын жеткізді.
Жиында аудан прокуроры Талғат Оспанов бұдан бөлек интернет алаяқтардың алдын алу бойынша түрлі мәселелерді талқылап, мамандар тарапынан кеткен кемшіліктер болса тиісті шаралар қабылдау керектігін жеткізді. Сонымен қатар аталған интернет алаяқтық қылмыстардың ауданның шалғай ауылдарында болғанын атап, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне өз аумағында интернет алаяқтық бойынша қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін ескертті.
Сондай-ақ қылмыстардың алдын алу мақсатында аудан әкімінің жанындағы «Құқық бұзушылық» профилактикасы жөніндегі комиссия отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланып, тиісті қорытындылар шығарылды.