Жақында аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінің бірінші қабатында Ашық есік күні маңызды қоғамдық іс-шарасы өтті.Шараның негізгі мақсаты – аудан тұрғындарын жеке сұрақтары мен өтініштері бойынша қабылдап, оларды шешу жолдарын талқылау және тиісті кеңестер беру болды.
Ашық есік күніне қатысқан прокуратура өкілдері тұрғындардың заңды құқықтарын қорғау жөнінде құқықтық кеңес берсе, аудан әкімдігінің жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, білім және экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдері жер мәселелері, әлеуметтік жәрдемақылар, жұмысқа орналастыру, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытындағы сұрақтарды, ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы, білім саласындағы жәнеауданның экономикалық дамуы, бюджеттік жоспарлау туралы сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ Мансап орталығы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы кеңес берсе, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімшесі аудандық деңгейдегі құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал аудандық полиция бөлімі құқық қорғау және қоғамдық тәртіп мәселелері бойынша, Жастар ресурстық орталығы жастарды қолдау, олардың бастамаларын іске асыру бойынша, аудандық орталық аурухана денсаулық сақтау саласындағы қызметтер туралы ақпараттар берді.
Іс-шараға аудан тұрғындары белсене қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін тиісті мекеме өкілдеріне тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ тұрғындар заңдық кеңестер және мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау тетіктері туралы мағлұматтармен танысты.
Ашық есік күні тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.