Мойынқұм таңы

Зерделеу тобы бірқатар нысандарды аралады

0 24

Жақында аудандық қоғамдық кеңестің зерделеу тобы Мұханбетқұл Сабыров, Айнаш Боташева, Ғалия Шубаева, Мәди Күнтулер Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Сарыөзек және Қарабөгет ауылдарындағы салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты. Алдымен зерделеу тобы Сарыөзек ауылындағы дәрігерлік пункттің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс негізінен аяқталған. Жаңа ғимаратқа дәрігерлік пункт көшіп, орналасқан. Дәрігерлік пунктке интернет желісі де іске қосылып, қажетті жабдықтары қойылған. Таяу күндері толықтай пайдалануға беріледі екен.

Ал Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің ішкі жұмыстары толықтай аяқталып, қазіргі уақытта сыртқы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп ішіне парталар, орындықтар және басқа да құрал — жабдықтары қойылыпты. Сонымен қатар мектепте спорт зал, асхана бөлмелерімен қатар әр қабатта фойе, әжетхана және сырттағы ойын алаңдары да бар.

Ауылдардағы құрылыс нысандарын аралаған зерделеу тобы құрылыстың тиянақты жүргізіліп жатқанын көзбен көріп, аталған мектепте білім алуға жағдай жасалынып жатқанының куәсі болды. Сондай-ақ зерделеу тобымен бірге жүрген округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев құрылыс нысандарының жұмыс барысы тұрақты бақылауында екенін жеткізді.