Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Әсіресе, үлкендердің үлгілі істерін келер ұрпаққа насихаттау бізге міндет. Еліміздің ертеңі мен балаларымыздың болашағы үшін әжелер – таптырмас байлық, құнды ғибрат. Олардың аялы алақаны, мейірбан жүрегі, немереге деген ерекше махаббаты бала бойына күш-қуат, сенімділік береді. Жамандық атаулыдан қорғайтын, бейне бір ақылдың кеніші саналатын әжелердің қашан да ұрпақ тәрбиесінде ойып алардай орны бар.Осы орайда, Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы шағын орталықты орта мектебі оқушылардың бойына ана мен әже өсиетін, ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсуіне жүйелі жұмыс жасап келеді. Жуырда аталған мектепте «Әжелердің өшпейтін өнегелі үлгісі» атты тәрбиелік сабағы өтті.
Жиын Амангелді атындағы шағын орталықты орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Райхан Манабаеваның ұйымдастыруымен өткізілсе, іс-шара шымылдығы мектептің өнерлі ұстаздары Айбану Әбдіқашева, Асылжан Кемелбек, Баян Кариевалардың орындауындағы «Асыл әжем» әнімен ашылды.
Содан соң мектеп директорының міндетін атқарушы Нұржан Сәденов сөз алды.
– Бүгін өткізіліп жатқан іс-шара өзгеше десем артық айтқаным емес. Өйткені бұл – мәнді де маңызды, тәрбиелік орны бар игі шара. Әженің тәлім-тәрбиесін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Дана халқымыз үлкендерге құрмет көрсетіп, қарттарын төріне отырғызып, олардың айтқан ақылына, өсиетіне құлақ салып, үлгі тұтқан. Әжелер өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі, – деді Нұржан Сәденов.
Қазақта ежелден ата-әженің тәрбиесі ерекше бағаланады. Әдетте, кеңпейіл, көпшіл адамға «ол әженің тәрбиесін көрген ғой» деп тамсанып та жатамыз. Мектептегі бұл жолғы шарада ақжаулықтылардың өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге бағытталды.
Онда шағын киіз үй тігіліп,салт- дәстүрден көрініс қойылды. Сондай-ақ әдемі ұлттық ас мәзірі мен әсем ою-өрнек те осы жерден табылып, ұлттық тағам жасалу жолын және шаш өру үлгісін немереге үлгі етті.
Тәрбиелік сабақ соңында мектеп директорының міндетін атқарушы Нұржан Сәденов қатысушы әжелер Асықкүл Жұмасілова, Күлшәй Қожанова, Рәткүл Дәуірбаева, Бақыткүл Изабекова, Әтіркүл Бітібаева, Ниеткүл Әбдірахмановаларды Алғыс хаттармен марапаттап, арнайы дайындаған сыйлықтарын табыс етті.