2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің және оның өңірдегі өкілдерінің міндеттері мен құзыретін айқындайтын «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойғанын баршамыз білеміз. Бұл заңда адам құқығы жөніндегі уәкіл — өз құзіреті шегінде адамның және азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету, сонымен қатар, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласында халықты құқықтық ағартуға жәрдем көрсету болып табылады.
Осыған орай жақында Биназар ауылының тұрғындарымен Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша уәкілі Берікбол Байхожаевпен кездесу өтті.
Кездесу жиынына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Берікұлы ашып, жүргізіп отырды.
Өз кезегінде сөз алған Берікбол Ұзақұлы ауыл тұрғындары алдында Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл қызметінің мақсаты мен міндеттері, Уәкіл қызметінің құқықтық негізі, кепілдіктері, өтініштерді қарау тәртібі туралы сөз қозғады. Содан соң «Елу жылда — ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шарапат Батырбекқызы отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі тақырыптарында баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар белсенді кері байланыс жасап, қозғалған тақырыптардың бүгінгі таңдағы маңыздылығын айтып, тақырыптар аясындағы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Соңынан Жамбыл облысы бойынша өкіл Берікбол Байхожаев ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.