Аудан әкімі Ермек Кәрентаевтың қатысуымен өткен сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың ХХХIV сессиясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық жоспарларын қамтыған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Сессияға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бақыт Байтик, аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары Шаһикерім Исабеков, Жұманазар Көдеков, мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кезекті сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов ашып, жүргізіп отырды.
Сессияда «Аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Саурықовтың 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы», «2025-2027 жылдарға арналған бюджет туралы», «Аудандық эвакуациялық комиссияның құрамы туралы», «Мойынқұм ауданы әкімі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия туралы», «Мойынқұм ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссиясы туралы», «Ауданның бюджеттік комиссиясы туралы», «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды айқындау комиссиясын құру туралы», «Мойынқұм ауданы әкімдігі және полиция бөлімінің міндеттері мен қызметін бағалау критерийлерін бекіту туралы», «Мойынқұм аудандық мәслихатының 2025 жылға арналған перспективалық жұмыс жоспары туралы» мәселелер қаралды.
Мәслихат төрағасы Нұртас Саурықовтың 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі мәслихат комиссияларының бірлескен отырысында тыңдалып, талқыланғаны назарға алынды. «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Кеншімов баяндама жасады.
Содан соң №9 сайлау округінің депутаты Ғалия Бейсебайқызы Шубаева жарыссөзге шықты. Ол Мирный-Ақбақай ауылдары арасындағы автожолды жөндеу, Ақбақай ауылынан балалар ойнайтын алаң салу, Қияқты стансасына кіреберіс 5 шақырым жолды және ауылдағы екі қабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеу, ауыз су мәселесін шешу, Хантау стансасындағы теміржолға аспалы көпір салу, Ақсүйек, Мыңарал, Мирный, Сарыөзек, Биназар, Ақбақай ауылдарындағы кітапханаларға жаңа кітап сөрелерін алу, кітапханаға қызметтік көлік алу, Бірлік ауылындағы ауылдың белсенді азаматтары салып, кітапханаға сыйға тартқан ғимаратты ауыл әкімдігінің теңгеріміне алып, от жағуды қолға алса деген ұсыныс-сауалдарын жеткізсе, №2 сайлау округінен депутат Бақыт Мырзатайұлы Серібаев Бірлік ауылындағы Амангелді көшесіндегі асфальтқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауылдағы «Биназар» ескерткіші тұрған алаңның құжаты заңдастырылса деген ұсынысын айтты.
Ал №11 сайлау округінен депутат Жолдас Жұмағазыұлы Бұхарбаев ауылдастарының тілегін жеткізді. Ол аудан әкімінен Алматы-Астана тас жолынан Мыңарал ауылының ішіне баратын кіреберіс жолға, Мөлтік, Жақыпов көшелеріне асфальт төсеуге қаржы бөлінсе деген талабын айтты.
Халық қалаулыларының ұсыныс-сауалдарын мұқият тыңдаған аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев ауыл тұрғындарын мазалаған түйіткілді мәселелерді билік назарына ұсынған депутаттарға ризашылығын білдіріп, олардың ұсыныстарын қолдады. Ауылдардың кіреберіс, ауылішілік жолдарына, кітапханаларға алдағы бюджетті нақтылау кезінде қаржы қарастырылатынын, кітапханаға қызметтік көлікке қаржы бөлінетіндігін жеткізіп, депутаттарды бір қуантып тастады.
Сессияда қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы.
-Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Ауылдардың қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, көгалдандыру, абаттандыру және басқа да маңызды мәселелерге үлкен көңіл бөлінді. Әрине, басты міндетіміз – бюджеттік қаражатты бақылау және тиімді пайдалану екенін ұмытпауымыз керек. ауылдар өсіп келеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, аудан тұрғындарын келе жатқан 2025 жаңа жылымен құттықтағым келеді. Баршаңызға бақыт, денсаулық, қаржылық тұрақтылық және бейбіт аспан тілеймін. Жаңа жыл – ең жарқын мерекелердің бірі. Бұл үміт пен батыл жоспарлардың уақыты. Осы жылдары қол жеткен барлық жетістіктер жаңа жетістіктерге серпін берсін,–деді ол.
Жалпы жылдың соңғы сессиясы ауданның дамуында маңызды рөл атқаратын шешімдер қабылдаған алаңға айналды. Қаралған мәселелердің әрқайсысы ауданның экономикалық өсуін, әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуды және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді көздейді. Сессия барысында халықтың мүддесін қорғау, бюджетті тиімді жоспарлау, экономикалық мәселелерді шешу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бағыттарында нақты қадамдар жасады.