Мойынқұм таңы

Жаңа жыл кеші көңілді

0 24

Әлемді қуанышқа, ғажайыпқа толтыратын Жаңа жыл мерекесі ауданымызда өз деңгейінде аталып өтті. Орталық Абылайхан алаңы көзтартар жаңа кейіпке еніп, мойынқұмдықтар 2025 жылды шат-шадыман күйде қарсы алды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты тақырып аясында үлкен концерттік бағдарламасын ұсынды.

Салтанатты кеште аудан әкімі Ермек Карентаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Ең алдымен баршаңызды төрімізге енгелі тұрған жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа Жыл − қол жеткізген табыстарымызды ой елегінен өткізіп, алда тұрған межелі міндеттерді саралауға бағытты айқындайтын кезең. Санаулы сағаттан соң жылды түйіндеп, жаңа жылға қадам басамыз.
2024 жыл ауданымыз үшін берекелі, ырысы мол жыл болды. Ұлу жылы бағын­дырған белестеріміз жетерлік. Есепті жыл ішінде барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша қарқынды даму қалыптасты. Ауылшаруашылығында атқарылған серпінді жұмыстар да нәтижесін берді. Дегенмен біз бұл толайым істерге тоқмейілсімей, жоғары жетістіктерге ұмтылуымыз қажет, — деді Ермек Амангелдіұлы.

Мейрамның көркін қыздырған Аяз ата мен Ақшақар сахна төріне шақы­рылып, әр­түрлі жан-жануарлардың кейпіндегі әр­тістер керемет қойылым қоя білді. Ал аудан өнерпаздарының әншашуы көрер­мендердің көңілін көтерді. Балалардың бал-бұл жанған жүздері алаң ортасындағы алыстан менмұңдалаған негізгі шыршадай жарқырап, сыңғыр күлкілері салют үніндей жарқын естіліп жатты. Думанды кеш соңы мерекелік отшашумен аяқталды.