Мойынқұм таңы

Бірқатар азаматтар марапатталды

0 21

Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Отыз жыл – тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, бүкіл республика үшін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде халық қалаулылары елмен бірге өркендеу мен дағдарыс кезеңдерін бастан өткеріп, демократияны нығайтуда, аймақтық экономиканы дамытуда және халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. 1994 жылдан бастап депутаттардан құралған мәслихаттар атқарушы билікпен бірлесе қоғам өмірінде елеулі деген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті десек, бір мақсат үшін үндескен жергілікті мәслихаттар киелі Мойынқұм өңірінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Осыған байланысты жақында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов бірқатар азаматтарды қабылдап, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұзақ уақыт бойы ауданның дамуына елеулі үлес қосып жүрген мойынқұмдықтарды марапаттады. Атап айтар болсақ «Қазақстан мәслихаттарына — 30 жыл» мерекелік медалімен жеке кәсіпкер, ауыл белсендісі Бәкен Бейсебаев, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры Қайрат Құрымбаев, «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі Жолдыбай Дәметов, Қарабөгет ауылдық округінің әкімі Бағдат Сатыбалдиев сынды азаматтар марапатталып, сый-құрметке бөленді.
Жиын барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов құттықтау сөз сөйледі.

-Мойынқұм ауданы бүгінде әлеуеті артып, өңірдің келбеті күн санап өзгеруде. Ауқымды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық ахуал ілгерілеп келеді. Осынау оң нәтижеге жету жолында қаншама азаматтар тер төгіп, өңірдің өніп-өркендеуіне үлес қосып жүр. Осы уақыт ішінде ауданының мәслихат депутаттары өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті. Мәслихат – халық пен билік арасын берік жалғап, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды.

Сіздерді алған марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандақ тілеймін!-деді Нұртас Ұзақұлы.
Марапаттау рәсімінен соң құрмет төрінен көрінген қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, естелікке суретке түсті.