«Азаматын қарап, ауылын таны» — демекші, өткен жылы Жамбыл ауылының тұрғындары мен жанашырлары Алмас Кенжебеков, Қанат Алимов, Дархан Байсеркеевтердің бастамасымен, ауыл жастарының қолдауымен, мешіт жанына хатымхана соғылып, тұрғындардың игілігіне берілген болатын.
Жаңа 2025 жылды да ауылымыз жағымды жаңалықпен бастады. Айта кетсек, ауылымыздағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыға баспана сыйлап, жаңа қонысқа орналастырды. «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» — дегендей, Ахметжановтар отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. 70 жастан асқан қариясы бар үйдің бүлдіршіндері ауруханаға жиі түскенін көрген ауылдастары, бірауыздан: «көмектесейік!» — деген шешімге келді. Бір кісілер: «Харекет» қорынан көмек сұрайық»-десе, ал келесі кісілер намысқа тырысып: «Жоқ, өзіміз жинаймыз!» — деді. Сөйтіп қаржы жинау басталып кетті. Игі істен ауылдың бірде бір азаматы шет қалмады. Әр азамат қолынан келгенінше көмегін берді. Біреулері шама шарқына қарай 500 теңге жіберсе, ал кей кісілер 100 мың, 150 мың теңгеге дейін көмек көрсетті. Қуантарлығы, осы шараға тек казіргі ауыл тұрғындары ғана емес, ертеректе көшіп кеткен кісілер де атсалысты. Туындайтын қиындықтардан еш қорықпай, көп ауыртпалықты жеңе білген, сөйтіп қаржының басын құрап жинаған ауылдың аналар алқасының төрайымы Әнипа Жұбайділдаева әкпеміз, өз туысқандарын жұмылдырып, алған үйдің жылыту жүйесін түгел жаңадан орнатып берсе, ауыл жанашыры Мақсат Ерболов жаңа пеш өз есебінен орнатты. Сондай-ақ ауыл тұрғыны, жанашыры Айман Дінәлиева, бұрын ауылда тұрып кеткен, қазіргі Тараз қаласының тұрғыны Лаура Оразалиева да осы іске атсалысып, 10 жамылатын көрпе, 10 матрас, 10 жастық, 10 көрпеше тегін тігіп берді. Барлық кісінің есімдерін түгендеу мүмкін емес!
Қаржы жиналып жатқанда ауылымыздағы бір отбасы басқа ауылға көшетінін естіп, үй егесі Букеев Серік Мырзагелдіұлына бардым. Сөйтіп хәл сұрасып болған соң: «Інім, үйіңді қаншаға саудалап отырсың?»-деп сұрадым. Ол өз бағасын айтқан соң: «Біздің қаржымыз оған жетпейді, бірақ осы үйді алсақ дұрыс болар еді, қыс қаһарланып келгенше»- дедім, сонда әлгі үйдің егесі: «Әкпе, үйді осы бағаға сұрап келген кісі бар еді, бірақ менің де көмегім болсын»- деп, өзінің айтқан бағасынан әлде қайда төмен түсіріп берді. Міне азаматтық! Міне мәрттік! Осындай істерді атқарған мықты азаматтарға қарап, марқайып, қуанып отырамын. Мен өз ауылыммен мақтанамын! Жоғарыда аталған, аталмай кеткен кісілер секілді еліміздің, жеріміздің жанашырлары көп болсын, ағайын! Келген жаңа 2025 жыл тек жағымды жаңалықтарымен қуантып, берекелі, мерекелі жыл болсын!