Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімі Ермек Карентаев зиялы қауым өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Оған аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, Мойынқұм ауылдық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бөлім, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында ел дамуының маңызды мәселелері, ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған кітапты басып шығару барысындағы жоспарлар талқыланды.
Аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы ауданның 60 жылдық мерейтойы мен ұлы Жеңістің 80 жылдығы туралы сөз қозғап, бұл шараның аудан тарихындағы маңызды оқиға болатынын атап өтті. Жоспарға сәйкес, мерейтойлық іс-шаралар мамыр айында өткізіледі деп белгіленді. Сонымен қатар, аудан тарихын қамтитын арнайы кітаптың мағынасы мен мазмұны талқыланып, оған ауданның құрылуы мен дамуының басты кезеңдерін енгізу ұсынылды. Жиынға қатысушылар ауданның алдағы даму жоспары мен мерейтойды атап өтуге байланысты өз ұсыныстарын айтты.
Аудан қарияларының пікірлері ерекше құрметпен тыңдалып, олар халықтың әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды бастамалар көтерді.
Кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатына пікір айтылды. Мемлекет басшысының ана тілімізді сақтау мен дамыту мәселесіне ерекше назар аударуы зиялы қауым арасында үлкен қолдауға ие болды. Президент атап өткендей, қазақ тілі әлемдегі ең кең таралған тілдердің ішінде 79-орында. Бұл – еліміздің мәдени құндылықтарын сақтаудағы үлкен жетістік.
Кездесу соңында аудан әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау бастамасына ерекше тоқталып, бұл жылдың жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға тартуда үлкен маңызы бар екенін айтты.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер аудан әкімдігі тарапынан назарға алынатыны айтылды. Қариялардың тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – ауданның дамуына үлес қосатын маңызды фактор. Аудан басшысы алдағы уақытта да қариялармен және зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтып, бірқатар еңбек ардагерлерін марапаттады.