Мойынқұм таңы

Мұзарт таудың мұзбалағы

0 25

Ауданымыздағы Көкжелек ауылдық клубының бас маманы Болат Жақсылықовтың ұйымдастыруымен ақиық ақын М.Мақатаевтің туған күніне орай 13-17 жастағы оқушылар арасында «Мұзарт таудың мұзбалағы – Мұқағали Мақатаев» атты тақырыпта аймақтық байқау өтті.

Бұл байқаудың негізгі мақсаты – ақынның шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, олардың ақынға деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Сонымен қатар, дарынды балалардың талантын шыңдау, көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту, актерлік шеберліктерін жетілдіру және креативті ойлау дағдыларын арттыру көзделді.
Байқауға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алуа Байымбетова, ұстаздар Қарашаш Сыздықова, Ақмарал Райымбекова әділқазылық етті.

11 оқушы қатысқан байқау нәтижесінде бас жүлдені жамбылдық Бағылан Дүзелбай, І орын Айнұр Мұсылманқұл (А.Назарбеков), ІІ орынды күшамандық Мейірім Кемелбек пен көкжелектік Темірлан Әбден иеленсе, ІІІ орынға Аружан Болатхан, Жұпар Қаржаубай (А.Назарбеков ауылы) мен көкжелектік Ұлдана Қожабек лайық деп танылып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ұйымдастырушы Б.Жақсылықов дәл осындай тағылымы мол іс-шаралардың жас ұрпақтың әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытатынын атап өтті.

Байқауға аудандық мәдениет үйінің директоры М.Сейділдаев, Қызылтал ауылдық округінің әкімі Ж.Айдарқұлов, Орман шаруашылығының қызметкері Б.Тілековтер демеушілік жасады.