Мойынқұм таңы

Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

0 26

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Биыл Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толып отыр. Осы айтулы күнде мойынқұмдықтар Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету үшін аудан орталығындағы интернационалист жауынгер Қ.Бөлдешовтің бюстіне жиналып, гүл шоқтарын қойды.

Алдымен жиында аудандық қоғам­дық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, Ауған соғысының ардагері Тілеубек Рахимовтар сөз алып, Ауған соғысының басталу тарихы, оның адамзат тарихына, қоғамға тигізген зардаптары жайында сөз етіп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Содан соң Жамбыл ауылы, Жексенбай ата мешітінің имамы Ұзақбай Бадықов Ауған жерінде қаза болған және соғыс зардабынан бейбіт өмірде дүниеден озған жауынгер-интернационалистердің рухына құран бағыштады. Шара соңында тұрғындар ескерткіш маңында естелік суретке түсті.

Бұдан кейін аудандық орталық кітап­ханада Ауған соғысының ардагер­лерімен сұхбаттар жүргізілді. Ал аудан орта­лығындағы спорт кешенінде айтулы күніне орай түрлі спорт түрлерінен біріншіліктер ұйымдастырылды.

Жалпы 1979 жылы басталып, 10 жылға созылған соғыста КСРО бойынша 14453 жауынгер Отанына оралмады. Ал Қазақстан бойынша 22 мың қазақстандық қатысып, олардың 924-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Оның ішінде Жамбыл облысынан 2 мыңнан аса адам Ауған майданына аттанса, оның 57 жауынгері біздің ауданның түлектері. Соның бірі–қылышбайлық Қайрат Бөлдешов. Ол әскери борышын атқара жүріп, 1982 жылы Ауғанстан Республикасының Чарикар жерінде ерлік­пен қаза тапты. Кейін ерлік иесі «Қызыл жұлдыз» орденімен мара­патталды. Бұдан бөлек 7 азамат елге оралған соң өмірден озса, отбасы жағдайына байланысты бірнешеуі басқа жаққа қоныс аударды. Осындай сұрапыл соғысты артқа тастаған ауданымыздың 19 интернационалист жауынгерлері бүгінде бейбіт өмірде берекелі ғұмыр кешуде.