Жақында аудандық соттың судьясы Дария Жолболдиеваның төрағалық етуімен «Еурохаттама рәсімдеу мәселелері» тақырыбында семинар сабақ өтті.
Оған аудан прокурорының орынбасары Н.Ахаев, прокурор Ж.Сиха, аудандық полиция бөлімінің басшысы А.Көпбаев қатысты.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Көпбаев баяндама жасап, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мардымсыз жол-көлік оқиғалары (ЖКО) болған жағдайда, азаматтар полицияны шақырмай және соттың шешімінсіз жеңілдетілген тәртіппен сақтандыру оқиғасын ресімдей алатынын айтып өтті. Сондай-ақ Еурохаттама, егер: ЖКО-на екі көлік құралы ғана қатысса, ЖКО-на қатысушыларда қолданыстағы көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруы болса, нәтижесінде қатысушылардың көлік құралдарына ғана шығын келтірілсе (өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген зардап шегушілер болмаса, үшінші тұлғалардың мүлкі бүлінбесе), қатысушыларда бір тараптың кінәлі, екіншісінің зардап шегуші болуына қатысты келіспеушілік болмаса, келтірілген шығынның шекті сомасы 100 АЕК-ке дейін, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 393 200 теңгеге дейін қолданылады. Сонымен қатар ЖКО-н «Еурохаттама» мобильдік қосымшасы арқылы ресімдеуге және мекенжайлары бойынша App Store және Google Play жүктеуге болатынын, қатысушылардың мобильдік нөмірлері «Азаматтардың мобильдік базасында» тіркелген болуы тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ ЖКО-на екі қатысушы да «Еурохаттама» қосымшасын жүктеуі және ЖКО бойынша мәліметтерді толтыруы қажет.
Семинар соңында қатысушылар іс-шараның маңыздылығын атап, «Еурохаттама» толтыруға кедергі келтіретін өзекті мәселе ретінде аудан орталығынан тысқары тас жолдарда интернет желісінің мүлдем жұмыс жасамайтынын, автокөлік жүргізушілердің еурохаттама толтырудан бас тартатынын, аптаның сенбі, жексенбі күндері «Еурохаттама» қосымшасы қолжетімсіз болуы деп атап өтілді. Сондай-ақ көтерілген мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған аудандық соттың судьясы Дария Жолболдиева полиция қызметкеріне «Еурохаттама» рәсімін түсіндіріп, жасақталған жадынаманың тиімділігі туралы айтып өтті.
«Еурохаттама» қосымшасы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда +7(727) 339 31 88 нөмірі бойынша колл-орталыққа хабарласуға болады.