Өткен жұмада Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан ашық турнир өтті. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың ашылу салтанатынан кейін командалар екі алаңда топтық кезеңнің ойындарына кірісті. Біздің құрамда аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы, команда капитаны – Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл, Мойынқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Шәміл Мұсаханұлы, аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімшесінің басшысы Ержан Сәндібай, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Талғат Алпанов, Қарабөгет ауылдық округінің бас мамандары Нұрсұлтан Баянбай мен Санжар Шәкірбек, Күшаман ауылдық округінің бас маманы Абай Сазанбай өнер көрсетті. Команданың жетекшісі – аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков.
Біздің жігіттердің топтық кезеңдегі қарсыластары – Талас, Меркі және Жуалы аудандарының мемлекеттік қызметкерлері болды. Алғашқы ойында Мойынқұм волейболшылары өздерімен бірдей түсте форма киген Талас жігіттерімен бақ сынасты. Біздің жігіттердің алаңға бейімделуі баяу өрбіді, ме әлде басқа да факторлар әсер етті ме ойын өте ауыр өтті. Екі кезеңнің нәтижесі тең түскенде, шешуші айналымда мойынқұмдықтар қарсыластардан айласын асырып, алғашқы екі ұпайға ие болды.
Келесі қарсыласпен ойын оңай болмасы анық еді, өйткені олар облыстың былтырғы чемпиондары – Жуалы құрамасы. Өкінішке орай болжам тура келіп, Жуалы командасын тізе бүктіру арманға айналды. Екі кезеңде де қарсыластар дес бермей, 2:0 есебімен біздің жігіттерді есеңгіретіп тастағандай болды.
Үшінші ойында біздің жігіттер Меркі құрамасымен кездесуі керек болған, алайда алдыңғы екі ойында да сәтсіздікке ұшыраған Меркі волейболшылары топтық кезеңдегі үшінші ойыннан бас тартып, бізге үш ұпайды сый қылып тастап кетті. Екі команданы жеңдік, 5 ұпайымыз бар «билет қалтада пойыз қайда барадыға» салып, ширек финалға шықтық деп міз бақпай отырғанда нағыз спорттық «интрига» басталды. Өйткені біз ұтқан Талас құрамасы біз ұтылған Жуалымен кездесудің нәтижесі өте маңызды болды. Өйткені үш ұпай жинаған Талас Жуалыны жеңіп кетсе, топтан екінші болып шығып, ал алты ұпаймен Жуалы жігіттері бірінші орынмен ширек финалға шығатын еді. Ол жағдайда біз ауылымызға үн-түнсіз қайтып, әр спортшы қай жерде қателік жібердім деген ішкі оймен өз-өзін жеумен болар еді. Енді бізден ұтылған команда, фаворитті қалай жеңеді деген сұрақ туындауы мүмкін? Жуалы мен Талас кездесуінде бірінші команда ойынның алғашқы кезеңінде өте сәтсіз өнер көрсете бастады. Талас жігіттері басым түсіп жатқан сәттер де болды. Біздің құраманың уайымы еселенді. Алайда бірінші ойынның нәтижесі бізге ұнамды болып, аз ғана ұпай айырмашылығымен жуалылықтар жеңіске жетті. Ал екінші ойында олар тіпті қарсыластарын шаң қаптырып, ірі есеппен жеңді. Осылайша біздің ширек финалға шығуымызға Жуалы командасы билет әпергендей болды.
Жүлделі орындар үшін күрестің алдында біздің жігіттер «консилиум» жасап, қателіктермен жұмыс істеп, қарсыластардың осал тұстарын айқындап, мықты ойыншыларына қарсы стратегия құрды. Ширек финалға Тараз қаласы әкімдігінің, Сарысу ауданының, Жуалы ауданының және біздің ауданның ойыншылары бақ сынасатын болды. Ширек финалға шығып 4-орынды қанағат тұту біз үшін өте аз болды, өйткені үздік үштікте көріне алмай, жүлдесіз қалсаң төртінші орынсың ба сегізінші орынсың ба маңызы болмас еді. Арғы топтан бірінші болып шыққан Тараз құрамасымен кездесуде алаң иелерінің басымдылығы байқалды. Бірінші кезеңде қарсыластар алға суырылып, 10 ұпайға ұзап кетті, ойынның аяқталуына небәрі 2 ұпай ғана қалған. Осы кезде мойынқұмдықтар төрешіден қысқа үзіліс (тайм-аут) сұрап, қарсыластың бір ғана сұрмергенін жапқан жағдайда ойын өрбитінін түсініп, сол бағытта жұмыс жасай бастады. Төрешінің ысқырығынан кейін біздің жігіттерді ешкім тоқтата алмайтындай көрінді, ұпайлар қосылып жатты. Бірақ, осы бірақ деген барлық жерде күйдіретіні бар, ойын барысында төреші бір сәтті дұрыс көрмей қалып, ұпайды Тараз құрамасына беріп, бірінші кезеңнің нәтижесі 23:25 болып аяқталды. Оған қаймықпаған біздің волейболшылар өз ойынын тауып, екінші кезеңде қарсыласын тырп еткізбей ірі есеппен жеңді. Үшінші, әрі шешуші кезеңде біздікілер басым болғаны соншалық, финалға алдын ала өтіп қойғандай өнер көрсетіп, жаңа тәсілдер мен тәжірибелерге көше бастады. Осылайша финалға шықтық.
Мұнда шеберлік жағынан да моральдық тұрғыдан да Жуалы алда тұрды. Өйткені топтық кездесуде дәл осы командадан ойсыра жеңілген біздің жігіттер тура сондай жағдайды қайтадан бастан өткергісі келмейтіні анық еді. Ойын басталды. Жуалы құрамасы 6 ұпай асып кеткенде, біздікілер біраз абдырап қалды. Төрешіден тағы бір үзіліс сұрап, команда капитаны Рүстем Тұрарқұлдың «Мойынқұм бірінші орын алуға лайықты емес пе?» деген сөзі жігіттерді жігерлендірді ме, әлде ауылдастарымыздың екінші демі ашылды ма ойын өзгеріп сала берді. Шебер ойын көрсетіп жатқан Жуалы командасының ойыншылары «сынып қалғандай» болды. Мойынқұмдықтар олардың әр шабуылына тойтарыс беріп, контр-шабуылға көшіп екі кезеңде де нәтижелі өнер көрсетіп, облыстың чемпиондарынан 1-орынды жұлып кетіп, «экс-чемпион» деген атақ сыйлады. Арман орындалды. Қуанышымызда шек жоқ. Кейінірек жігіттердің өзі де жеңіске жетуге едәуір әсер еткен жанкүйерлердің қолдауы болғанын ерекшелеп атап өтті. Мойынқұмнан небәрі 6-7 адам қолдау білдіріп отырды, бірақ соның өзі «Тараз-Аренаны» басына көтерді десе өтірік болмас.
Ойын аяқталып, салтанатты марапаттау рәсімі басталды. Құраманың негізгі ойыншысы Нұркелді Қазақбайұлы «Үздік шабуылшы» номинациясын жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары кубоктар, медальдар, арнайы қаржылай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Тартысты өткен кездесулердің нәтижесінде: І орын – Мойынқұм ауданы; ІІ орын – Жуалы ауданы, ІІІ орын – Сарысу ауданына бұйырды. Командалар естелік суретке түсіп, бірін-бірі құттықтады.