Мойынқұм таңы

Өзекті мәселелер талқыланды

0 19

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Карентаевтің төрағалығымен аппараттық кеңестің отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары Еркін Заурбеков, Мейірхан Төлеулиев, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілі қатысты.

Алдымен аудан басшысы асқаралы 60 жасқа толған Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Мұқашев пен зейнет жасына толған, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық орталық кітапхананың директоры Ғалия Шубаеваны мерейтойларымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі шақыру бөлімшесінің басшысы Нұрсұлтан Өсербаев ағымдағы жылғы көктемгі әскерге шақыру жұ­мыстарының барысы туралы баяндады. Аталған мәселе жөнінде ауылдық округ әкімдері елдімекендерге барып, әскерге баратын жастар мен олардың ата-ана­ларына түсіндіру жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын айтты.

«Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы» аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков 2025 жылға аудан бойынша 4,1 мың гектар жерді егу жоспарға қойылып, бекітілген жобасы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына жолданғанын жеткізді.
-Бұл көрсеткіш өткен жылмен са­лыс­тырғанда 542,0 гектарға артық жос­парланып отыр. Ауданымызда көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы – 37 техника дайын, атап айтқанда: доңғалақты трактор саны – 19 дана, трактор соқалары – 8 дана, қопсытқыштар – 7 дана, дән сепкіштер – 3 дананы құрайды.

Қосымша «Ауыл Аманаты» жобасы аясында құрылған АШӨК-нің ауыл­шаруашылық техникаларын пайдалану үшін жұмыс істеу тарифтері бекітіліп, кооператив төрағаларына таратылып берілген, — деді Қ.Серікбайұлы.

Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева наурыз айында өтетін мерекелік іс-шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, 1 наурыз – «Алғыс айту» күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз – «Наурыз» ұлттық мерекесіне алға қойған жоспарларына тоқталды.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Қазіргі таңда қоғамның бірлігін нығайту, жастар арасында дұрыс құндылық бағдарларын қалыптастыруға ықпал ететін «Адал азамат», «Достық керуені», «Мемлекеттік тіл – этносаралық» жобалары іске асырылуда. Ауданымызда алдағы мерекеге арналған іс-шаралар жоспары барлық мемлекеттік мекемелерге, ауылдық округ әкімдеріне және білім беру мекемелеріне жолданып, тиісті шаралар жүзеге асырылуы бақыланып, халық назарына жариялануы қамтамасыз етілетінін хабардар етті.

Бұдан кейін аудан әкімінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақов «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы туралы баяндаса, көктемгі екі айлық сенбілік жұмыстарына дайындық барысы туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәбит Донбаев бекітілген іс-шараға сәйкес 4000 түп ағаштардың бұтақтарын кесу, 4400 түп ағаштардың түбін ақтау, 700 шаршы метр гүлзарлар егу, 54,5 шақырым тоғандарды, 50,0 мың шаршы метр көшелер мен аулаларды тазалау, 268 тонна күл-қоқыстарды шығару, 77 үйдің қасбеттері мен шарбақтарын, 4 ескерткіштерді жөндеу жұмыстарын жүргізу, 8 саябақ пен 1 демалыс орындарын тазалап, көріктендіру жұмыстарын жүргізу, арнайы күл-қоқыс орындарын реттеу, алдағы уақытта абат­тандыру ақтау, сырлау, жұмыстарын жүр­гізуді жоспарлап отырғанын баяндады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуір аралығында «TazaLike» іс-шарасын және акцияларын ұйымдастыру мәселесі бойынша ауданымызда атқа­рылатын жұмыстарын атап айтты.

Аппараттық кеңесті қорытындылаған аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы қа­ралған мәселелер бойынша орын­басарлары мен бөлім басшыларына, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.