Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 179 жылдығына байланысты Жамбыл ауылдық округі әкімшілігі ғимаратының жанындағы Жамбыл бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Ермек Карентаев арнайы қатысып, жиналғандарға ақын бабамыз жайында бірер ауыз сөз айтып, атаулы күнмен құттықтады.
Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы төрағасы Манарбек Көшкімбаев, округ әкімі Ақсана Қалыбаева және бөлім, мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері, ауылдық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Гүл шоқтары қойылған соң аудан әкімі Ермек Карентаев:
–Еліміздің тарихында бір дәуірде дүниеге келіп, халқымыздың рухани тұғырына айналған екі тұлғабар. Бірі–абыз Абай болса, енді бірі жыр алыбы Жамбыл. Екеуі де халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, елдің еңсесі биік болса деген асыл мұратын жырларына арқау етті. «Жамбыл–менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді. Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр, шығармашылығы – Ұлы дала елінің ұлағатты қазынасы!
Біз Жамбыл Жабаевтың Мойынқұм жерінде туғанын мақтан тұтамыз, мұны өскелең ұрпақ білуге міндетті. Осы себепті де қазақ халқының біртуар ұлы, тұтас түркі жұртына ортақ рухани тұлға Ж.Жабаевтың туғанына 179 жыл толуына арналған іс-шаралар да жыл бойы өткізілетін болады, — деп сөзін аяқтады.
Содан кейін аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов ақынның өмір жолдарын жиналғандарға айтып, өзінің ізгі ниетін білдірді.
Жиында жыр алыбының рухына арнап құран бағышталып, Абай атындағы орта мектебінің оқушылары ақын шығармашылығынан дайындаған әдеби монтажын ұсынды.