Мойынқұм таңы

Батагөй қариялар байқауы өтті

0 23

«Батаменен ел көгерер» деген атпен аудандық батагөй қариялар байқауы өтті. «Батаменен ел көгерер» атты байқауға халқымыздың қасиетті салтын қастерлеп жүрген 3 қариямыз қатысты. Олар құм­өзектік Қоштай Ердосов, қылышбайлық Бодау Жүндібаев, мойынқұмдық Ізбасар Нарбаев.

4 кезең бойынша өрбіген шара мәнді де мағыналы түрде өз мәресіне жетті. Алдымен қариялар өзінің өткерген өмір жолын қысқаша түрде баяндап, жеткен жетістіктеріне тоқталды.

Әсіресе, талай жыл орман шаруашылығы саласында да тер төккен қылышбайлық Бодау атамыз өз таныстыруын өлең жол­дарымен өрбітіп, тыңдарманның жүрегін тебірентті.

Ақтық кезеңде ақсақалдарға берілген уақыт бес минут. Дәл осы уақытта қазыналы қарттарымыз батаның түр-түрін ақ жауынша жаудырды. Балаға берілетін бата, жолаушыға, тіпті ауылға арналған баталар да кездесті.

3 қариямызды 4 кезеңде де жіті бақылап отырған қазылар алқасы қылышбайлық Бодау Жүндібаев жеңімпаз деп таныды. Қарияларға бағалы сыйлықтар берілді.

Шараның өтуіне мұрындық бол­ғандардың бірі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков бұл шараның ауданда жыл сайын өтіп жатқанын айтады. «Алдағы уақытта мұндай шараларды жылына екі рет жасап тұруға толық мүмкіншілігіміз бар. Келесі де халық бүгінгіден де көптеп қатысады. Бата бергенде бес алты бетті жаттап алу міндетті емес, бастысы жүйелі әрі шын жүректен шықса болды»,-дейді ардагеріміз.

Бата кемел ойдан туындап, өмірлік тәжірибе тезінен қорытылған, мазмұнды әрі көркем тілмен кестеленіп өз ұйқасымен адам зердесіне құйылса ғана діттеген мақсатына жетері хақ. «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» демейді ме?! Ендеше баталарыңызбен бұқараның көсегесін көгертіп, ортамызда аман сау жүре беріңіздер.