Тараз қаласында 8-11 сынып оқушылары арасында облыстық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқау қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын насихаттау мақсатында өткізіліп, талантты жас өрендер арасындағы ақынның шығармашылығын тереңірек танып-білуге мүмкіндік туғызды.
Байқауға ауданымыздағы Мыңарал орта мектебінің 9 сынып оқушысы Эльзиада Шәкен қатысып, өзінің өнерімен көрермендерді тәнті етті. Нәтижесінде, Эльзиада Шәкен бас жүлдені жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ал 10 сынып оқушысы Әнел Оспанғали байқауда 1-орынға ие болып, өзінің әдебиетке деген терең сүйіспеншілігі мен талантын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жетістіктер оқушылардың білім мен өнер жолында алға қойған мақсаттарына жету жолында үлкен қадам болып табылады. Мыңарал орта мектебінің ұжымына, ата-аналар мен жетекшісіне жеңістеріне зор ықылас білдіріп, оларға шығармашылық табыс тілейміз.
Эльзиада Шәкен мен Әнел Оспанғалидің жеңістері ауданымыздың мәртебесін көтеріп, болашақта да талантты жастарымыздың шығармашылық алаңдарда жарқырап көрінетіндігіне үмітіміз мол. Жеңістеріңіз құтты болсын!