Қазақстанда 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі бекітіліп, онкүндіктің әр күні қазақ халқы мен оның мәдениеті байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналған. Соның ішінде 17 наурыз отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Шаңырақ күні».
Бұл күні үлгілі отбасыларға, адамгершілік тәрбие мәселелеріне арналған іс-шаралар ұйымдастырылып өтеді. Биназар ауылдық клуб қызметкерлері «Шаңырақ күніне» орай Исабай Күлшебаев атамызбен Зиякүл Айдарәлиева апамыздың отбасын құттықтап қайтты. Бұл отбасы — береке мен сыйластықтың жарқын үлгісі мен қатар, ауылдағы үлгі боларлықтай жанұя. Исабай атамызбен Зиякүл апамыз Хантау совхозында 40 жыл қой бағып, алдыңғы қатарлы шопандардың бірі болған. Сонымен қатар Исабай атамыз «Еңбектегі ерлігі үшін медалімен», «Тоғызыншы бесжылдықтың жеңімпазы» мерекелік медалімен, «Халық жетістіктері» бүкілодақтық көрмесінің алтын, күміс медальдарымен марапатталған.
Исабай ата мен Зиякүл апа екі ұл үш қыз тәрбиелеп, он тоғыз немере, сегіз шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы. Кішкентайынан балаларын еңбекке тәрбиелеген қариялардың кіші ұлы Жолан Күлшебаев, әке жолын қуып, бүгінгі таңда жеке шаруа қожалығын дөңгелетіп, мал шаруашылығымен айналысып жатса, үлкен ұлы Нұрбек Күлшебаев асхана ашып, шағын кәсіпкерлігін жүргізіп келе жатқан еңбек адамдары. Берекелі отбасының басты мақсаты еңбекке жауапкершілікпен қарап, дәстүрді құрметтеп, оны келешек ұрпаққа аманатпен қалдыру.