Мойынқұм таңы

Ауыл – өнегелі өмірдің қайнары

0 22

Өткен аптада ауданымыздың 60 жылдығына орай, Бірлік, Биназар және Айдарлы ауылдарында «Мойынқұм – құт мекенім» тақырыбында мерекелік шаралар өтті. Ауыл тұрғындары үшін үлкен маңызды іс-шара тұрғындардың бірлігін нығайтуға, ауылдың әлеуметтік және мәдени дамуына серпін берді.

Бірлік ауылында өткен ауыл күніне ауыл халқы түгел дерлік қатысты. Еңбек­теген баладан, еңкейген қартқа дейін мерекелік шараның басы қасында, қолынан келгенше ауылдың абыройын арттыру үшін барын салып жүр. Ерекше айта кету керек, ауылдың жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, көктемгі дала жұмыстарының көрінісі жоғары деңгейде ұйымдастырылды, тіпті комиссия мүшелері жедел жәрдемнің көрінісін шындық екен деп абдырап қалған жағдайда болды.

Шараға ауылдың түлектері Т.Жүргенов Өнер академиясының түлегі, Актер, Вокалист, эстрада және академиялық дауыс иегері, Жылдык олимпиаданың үздік вокалисті, Қырғыз елінің «Ұраным Манас» медалінің иегері, Жас Дарын-Жас жеткіншектерді шығармашылық деңгейде дамытқаны үшін үздік ұстаз, және де Стамбул елінің «Alash Star» жарысына жасөспірімдерді дайындап бас жүлде иегері. Асқар Тоқпанов  театрының үздік актеры Әнуар Уалиханұлы, Жамбыл облыстық филармония әншісі Дамира Мұзатовалар атсалысып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады.

Шараның басты мақсаты – ауыл тұрғын­дарын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болатын. Ауыл халқы ұлттық ойындар, өнер кештері, қолөнер көрмелері мен түрлі спорттық жарыстарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Мәдени шаралардың ішінде халық әндері мен би кештері ерекше қызығушылық тудырды.

Биназар ауылында да ауыл күні жоғары деңгейде өтті. Бұл күнге арнайы шақырылған қонақтар мен ауыл тұрғындары бір-бірімен еркін сөйлесіп, дәстүрлі әндер айтылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсететін шараның басты мақсаты – ауылдың ортақ мұрасын сақтау және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу болатын.

Мұндағы ерекше атап өтетін жайт, қолөнер шеберлері іс-шара барысында, жиналғандар алдында еңбек етіп, ши тоқып, саздан түрлі құмыра, ыдыстар жасап, ат әбзелдерін дайындады. Іс-шара соңында сол мезетте орындалған туындылардың көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

Биназар ауылынан түлеп ұшқан Бақытжан Қияш, Расул Сейткенов сынды әншілер мерекелік шараға атсалысып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сый­лады.

Айдарлы ауылында өткен ауыл күндері де үлкен жарқын оқиға болды. Ауылдың көркем табиғатын тамашалауға келген қонақтар, осында өткен түрлі ша­раларға қатысып, ауыл тұрғындарының қонақжайлығын жоғары бағалады. Айдарлы ауылында өткен іс-шаралар, әсіресе жастарға ұлттық мәдениетімізді таныту, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Ауылдағы күрді халқының өкілдері ерекше белсенділік танытып, бөлек киіз үй тігіп, өздерінің және қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеп, ұлтымызға деген құрметін көрсетті.

Ауылдың түлектерінен Ержан Ыдыры­сов, Жәмилә Қасымханқызы, Сымбат Нұрманова сынды өнерпаздар мерекелік шараның көркін қыздыра түсті.

Айдарлылықтар қойған Жамбыл ата мен Биназар батыр туралы қойылымдар көрерменнің жүрегіне жол тауып, ерекше әсер сыйлады.

Бұл күндер ауыл тұрғындары үшін үлкен мәнге ие болып, олар бір-біріне деген құрмет пен сыйластықты нығайта түсті. Ауыл күндері бір ғана мереке емес, ауыл тұрғындарының тарихы мен мәдениетіне деген қамқорлықтың, сондай-ақ елді мекендердің бірлігін арттырудың бірден-бір тәсіліне айналды.

Барлық ауылдарда киіз үйлер тігі­ліп, қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталды. Осындай шаралар тек ауыл тұрғындарының көңілін көтеріп қана қоймай, еліміздің мәдени өміріне жаңа леп әкеледі. Әр ауыл өз ерекшеліктерімен ерекшеленеді, бірақ олардың барлығын біріктіретін – ортақ мақсат, яғни туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік.