Мойынқұм таңы

Балқаштың жағасындағы ерекше той

0 22

Ауданның 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Мойынқұм – құт мекенім» атты мәдениет және өнер күні аудан жұртшылығы ерекше мерекелік көңіл-күйде атап өтуде. Бұл игі шара жақында Балқаш көлінің жағасындағы Ақсүйек, Мыңарал және Шығанақ ауылдарында кең көлемде өтті.

Мерекелік шаралардың басты ерекшелігі – әр ауыл өзіне тән географиялық ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін, мәдени мұраларын сахналық қойылымдар арқылы көрерменге ұсынды. Ауыл өнерпаздары мен тұрғындары ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, өткені мен бүгінді жалғаған көріністер арқылы жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.

Ақсүйек ауылы өзінің мәдени мұраларын таныстырып, халықтық «бесікке салу» дәстүрін көрсетті. Бұл ерекше көрініс ауылдың мәдениеті мен халқымыздың бай тарихи мұрасын айшықтады. Мыңарал ауылы болса, «Көшпенділер көрінісін» сахналап, қазақ халқының ұлы көшпелі өмірін, олардың тұрмысын, мәдениетін және ұлттық болмысын көрерменге көрсетті. Сондай-ақ Балқаш айдынында ерекше қайықтармен шеру жасап, көлдің кеңістігіндегі әсем көріністі паш етті. Бұл шеруге көптеген ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысып, ерекше көңіл-күйде болды. Шығанақ ауылы да өзінің өнерпаздарымен «Балықшы қойылымын» сахналады. Бұл қойылым ауылдың табиғи ресурстарын, әсіресе Балқаш көлінің байлығын, балықшылардың еңбегін дәріптеді. Сонымен қатар ауыл өнертапқыштары да ауыл ішімен балықшылар кемесін алып жүріп, көрермендерге ауыл шаруашылығы мен балықшылықтың маңыздылығын сипаттады.

Үш ауылда да мерекелік концерттер ұйымдастырылып, қонақтар мен тұрғындар қуанышқа толы сәттерді бірге өткізді. Мерекенің сәнін ұлттық дәстүр мен мәдениетті жаңғыртатын киіз үйлер кіргізіп, әр ауылдың ауласына тігілді. Бұл шараның ұлттық рухын айқындап, қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, ауданның бай мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтарды насихаттап, ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтты. Ауылдардың өнері мен мәдениетіне деген құрмет пен ықылас айрықша болды.

Ауданның 60 жылдығы аясында өткен бұл мәдени іс-шаралар ауданның тарихы мен мәдениетін жаңғыртып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, ұлттық дәстүрлерді сақтауға үлкен үлес қосты. «Мойынқұм – құт мекенім» атты бұл мереке ауыл күндері аудан халқы үшін ғана емес, сырттан келген қонақтар үшін де ерекше әсер қалдырды. Мәдени шаралар тек көңіл көтеру ғана емес, ұлттық бірегейлікті дәріптеу, ұрпақ санасына туған өлкенің құндылығын сіңіру жолында үлкен маңызға ие болды.

Ауданның 60 жылдығы – өңірдің тарихына тағзым, халқымыздың мәдениетіне құрмет білдіретін үлкен мереке ретінде есте қалды. Бұл күндер аудан шежіресіне алтын әріптермен жазылары сөзсіз.