«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы облыс әкімдігімен бірлесе «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясын ұйымдастыруда. Акция аясында «Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік авто керуені ауданымызда болды.
Жеңістің 80 жылдығына ұйымдастырылған әлеуметтік керуен бірқатар игі шараларды жүзеге асырды. Алдымен қонақтар ауылымыздың кіреберісіндегі тарихи мақтанышымыз Керей мен Жәнібек хандарының ескерткішіне атбасын бұрып, аудан тарихы жайлы әңгіме қозғалды. Сонан соң Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жеңіс саябағындағы ескерткіш, мемориалдық тақта жұмысымен және «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарымен танысты. Салтанатты шара аудандық орталық алаңдағы жиынға жалғасты. Жиында Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы Нұртас Саурықов, аудандық Төбе би Ж.Қалыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Е.Есбергенов, Б.Мыңжасаров, облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Ж.Орынбаева, партия аудандық филиалының төрағасы М.Көшкімбаев сөз сөйлеп, шараның маңызы туралы айтып, құттықтау тілектерін жеткізді.
Автокеруен мүшелері құрамындағы заңгерлер мен әлеуметтік сала мамандары, дәрігерлер тұрғындарға дәрігерлік, заңгерлік қызметтерін көрсетіп, қоғамдық қабылдау жасап, кеңестерін берді.
Сондай-ақ, автокеруен мүшелері осы ауылда тұратын соғыс ардагерінің жесірі Тұрсын Садықова апаның үйіне барып, амандасып, 80 жылдық мерейтоймен құттықтап, азық-түлік себеті табыс етілді.
Акция аясында «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері тыл ардагері Орынбасар Отыншиев атаның үйінің шаруашылығына көмектесіп, шарбағын реттеп, қоқыстан тазартып, ризашылығын, ақ батасын алды.
Осылайша ауыл тұрғындары «Ардагерлерге мың алғыс» атты әлеуметтік керуен мүшелерінің жұмыстарына табыс тілеп, атқарылған игі істеріне ризашылықтарын білдірді.