1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шаралар ауданымызда биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл күн — бейбітшілік пен келісім, достық пен татулықты ту еткен еліміздің басты құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке.
Таң сәріден бастау алған мерекелік шаралар көңілді әрі мазмұнды марафонмен ашылды. Аудан тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысқан бұл спорттық іс-шара салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, бірлік пен ынтымақтың маңызын айқындай түсті. Марафон жеңімпаздары арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Аудан әкімі Ермек Карентаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бірлік пен татулық жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекелік медалі, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Мерекенің сәнін келтірген концерттік бағдарлама барысында аудан мекемелері мен ұжымдары түрлі ұлттардың ұлттық билерін орындап, еліміздің этномәдени байлығын паш етті. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсерлі әндер айтып, театрландырылған көріністер арқылы көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Бұл айтулы күн – Қазақстанда тұратын сан ұлт өкілдерінің арасындағы достықты, татулықты және келісімді айғақтайтын ерекше мереке.
«Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын» деген ұстанымды ұлықтаған шара көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, рухани бірлік пен ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.