Мойынқұм таңы

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

0 26

9 мамыр күні аудан орталығында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өтті. Жеңіс обелискісінде өткен салтанатты рәсімде аудан тұрғындары майдан даласында қаза тапқан батыр бабалар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Құран бағышталып, ардагерлердің ерлігіне құрмет білдірді.

Шараға аудан әкімі Ермек Карентаев, тыл еңбеккерлері, Ауған соғысы мен Таулы Қарабақтағы бітімгерлік миссияға қатысқан ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Бұл – жай ғана еске алу емес, өткеннің өнегесін болашаққа аманат етудің айқын көрінісі.

Рәсімнен соң мерекелік шаралар Абылай хан атындағы орталық алаңда жал­ғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінің ұжымы соғыс жылдарынан сыр шертетін әсерлі театрландырылған көрініс қойып, көрерменнің жүрегінен орын алды. Өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, рухты көтеретін концерттік бағдарлама ұсынды. Әрбір өнер туындысы – батыр бабаларымыздың рухына тағзым етудің жарқын көрінісіне айналды.

Кеш барысында жастарға бейбіт өмірдің құндылығын ұғындыру, ел тарихын қастерлеу идеясы кеңінен насихатталды. Іс-шараға қатысушылар бір сәтке сұрапыл жылдарға ойша саяхат жасап, жеңістің оңай келмегенін, бейбіт күннің бағасын сезінді.

«Мұндай тарихи-танымдық шаралар – ұлт руханиятының тірегі. Ерлік – ұмытылмас. Оны есте сақтау – біздің перзенттік парызымыз»,- деді аудан әкімі Ермек Карентаев өз сөзінде.

Осындай тағылымы мол шаралар арқылы жас ұрпақ Отанға деген сүйіспеншілікті, елге қызмет етудің шынайы үлгісін көреді. Ұлы Жеңіс — халықтың есінен кетпес мәңгілік тарих.