Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Балалар шығармашылық орталығының «Шығармашылық – болашақ шамшырағы» атты тақырыпта есептік концерті өтті. Шараның мақсаты – орталықтың бір жыл ішінде түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен олардың жетекшілерінің жетістіктерін насихаттау. Кеш барысында көрермендер алдымен аудандық мәдениет үйінің фойесінде орналасқан оқушылардың қолөнер бұйымдарымен танысты. Есеп беру кешін аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев ашып берді.
Жас маман Айғаным Таштаева шәкіртімен «Білім шыңына самғау» монологын оқыды.
Концерттік бағдармала «Гүлдер» биімен (жетекшісі Айжан Найманқызы) ашылды. Содан соң Айым Серғали «Үйретеді, үйретеді» әнін орындады (жетекшісі Айман Найманқызы). Атақұл Жанарыс «Балбырауын күйін» орындады (жетекшісі Әзілхан Исаев). Айзере Көшкінбай «Ана» әнін тамылжыта шырқады (жетекшісі Әсем Байқоңырова). Аудандық, облыстық, республикалық хореография байқауларының жеңімпаздары «Шұғыла» би тобының құрамында «От» биін билеп, рух пен патриоттық сезімді оята білді (жетекшісі Айжан Найманқызы). «Ырғақ» би үйірмесінің оқушылары және орталық мұғалімдері «Испан биін» биледі.
Көркемсөз оқудың шеберлері Айбибі Тұрғынбай «Оқып, біліп үйренеміз» (жетекшісі Сымбат Аманова), Меделхан Әміре «Үш бақытым» (жетекшісі Камшат Сағындықова) өлеңдерін тебірене оқыды.
Бірнеше аудандық, облыстық көркемсөз байқауларының жеңімпазы Әсел Бөрібай М.Мақатаевтың «Өз-өзіңді жақсы көр» өлеңін, «Желтоқсан оқиғасының» құрбаны Ләззат Асанованың монологын нақышына келтіре оқыды (жетекшісі Ләззат Қырғызбаева), Инабат Қалмахан «Балдәурен» (жетекшісі Зәуре Ақылбекова), Аруна Ерланқызы «Ұстазым» (жетекшісі Әсем Байқоңырова) әндерін шырқады. Орталықтың жас маманы Ләйлім Шайдахмет «Уақыт» монологын тебірене оқыды. Ал оның шәкірттері «Қазына» би тобын «Сағатқа сыр» әнін шырқап қарсы алды.
Кеш соңында орталық директоры Төлмахан Салкеев бір жылдық есеп беру кешін ұйымдастыруға белсене қатысқан ұстаздар мен оқушыларды марапаттап, алғысын білдірді.