Мойынқұм таңы

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылық

0 24

Сәрсенбі күні аудан орталығындағы Абылайхан алаңында 4 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздер күніне орай «Патриотизм дауысы» атты патриоттық сазды кеш өтті. Оған аудан орталығындағы мекемелердің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Еліміз бойынша сағат 11:00-де мемлекеттік Әнұран орындалып, көкбайрақ Туымыз көтерілді.

Қазақстан Республикасының рәміз­дер күні – еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін және болашағымызды бейнелейтін ма­ңызды мереке.

Мемлекеттік рәміздер–Ту, Елтаңба және Әнұран еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Мерекелік құттықтау сөз аудан әкімінің міндетін атқарушы Мейірхан Берікұлы Төлеулиевке берілді.

-Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат еліміздің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы. Мұны әр азамат жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Мемлекеттік рәміздерсіз ел болмайды. Рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан азаматтарымыздың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениет пен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәр­биелейді – дей, келе мерекелік кешке жиналған қауымды Рәміздер күнімен құттықтады. Содан соң ол 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай құқық саласының ардагерлері Шубаев Жағалбай Аралбайұлы мен Мұқашев Марат Төкішұлын «Мойынқұм ауданына — 60 жыл» медалімен, Ә.Төлепбергенов атындағы мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қалдарбеков Нұржан Тұрсынханұлы мен Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Пармешов Ахат Бахайұлын аудан әкі­мінің Құрмет грамотасымен марапат­тады.

Кеш соңы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.