Мойынқұм таңы

«Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан»

0 17

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мә­дени кешенінде «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» атты XII Өңірлік Азаматтық форумы жоғары деңгейде өтті. Екі күнге созылған бұл маңызды жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері және мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты – азаматтық сектордың әлеуетін арттыру, өзара тәжірибе алмасу және жаңа идеялар мен бастамаларды ортаға салу болды.

Форум аясында алғашқы күні үш секциялық кездесу ұйымдастырылды. Оның алғашқысы – «Цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы: ҮЕҰ тиімділігін арттыруда big data және жасанды интеллект құралдарын пайдалану» тақырыбына арналды. Бұл секцияда Жамбыл облысы Жастар мәс­лихаты Жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Намелбек «Komek AI» жобасы арқылы ҮЕҰ жұмысын заманауи технологиялармен оңтайландыру жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ «Азаматтық бастама­ларды қолдау орталығы» басқарма төра­ғасының орынбасары Әйгерім Каримова мен департамент басшысы Алихан Шакенов мемлекеттік гранттар мен оқыту бағдарламалары жөнінде қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Екінші секция инклюзивтілік пен осал топтардың қоғам өміріне белсенді қатысу мәселелеріне арналды. Модератор ретінде «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бір­лестігінің төрайымы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Айгерім Дәулетбаева жүргізді. Түрлі өңірлерден келген ҮЕҰ жетекшілері инклюзивті жобалар мен қолдауды қажет ететін азаматтар үшін жасалуы тиіс жағдайлар туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Олардың қатарында «Шапағат» оңал­ту орталығының басшысы Шынаркүл Женсікбаева, «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанат Түлемісова, «ZHAMBYL-BOCHCHA» фе­де­рациясы, «Қа­зақ соқырлар қоға­мы» Жамбыл филиа­лы және басқа ұйымдардың өкілдері бар.

Үшінші секцияда ҮЕҰ-ды еңбек на­рығының жаңа талаптарына бейімдеу және жастардың белсенділігін арттыру мәселелері көтерілді. Бұл тұста Қызылорда облысынан келген «Kitap Qurttary» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібай мен Ұлттық Құрылтай мүшесі Дания Қыдырбаева жастардың ҮЕҰ-ға тартылу жолдарын атап өтті.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы форум қатысушылары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесі мен азаматтық альянсының төрайымы Аяужан Тұрсынбекқызы бұл бастаманы өз өңірлерінде де жүзеге асыруға ынталы екенін білдірді.

Форумның екінші күні пленарлық отырыспен жалғасты. Жиынды Жамбыл облысы Азаматтық Альянсының заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан жүргізіп отырды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, азаматтық қоғам институттарының мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір ретіндегі рөліне тоқталды.

– Бүгінде облыста 1 494 ҮЕҰ тіркелсе, оның 1 100-і белсенді жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік маңызды жобаларға жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 140-тан астам жоба іске асырылады. Бұл – азаматтық қоғамның аймақтағы нақты ықпалының айғағы, – деді ол.

Форумда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева да сөз алып, 2022 жылдан бері Жамбыл облысына 6,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Бұл қаражат денсаулық сақтау, білім және инклюзия салаларындағы ірі жобаларға бағыт­талған. Атап айтқанда, ауылдық мектептерге робототехника кабинеттері ашылып, ерекше балаларға арналған мекемелер жаңғыртылды.

Форум соңында азаматтық қоғамды дамытуға сүбелі үлес қосқан бірқатар белсенділерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ үздік әлеуметтік жобалар байқауы нәтижесінде жамбылдық ҮЕҰ өкілдері марапатталды.

Қатысушылар форум барысында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты істерге айналатынына сенім білдіріп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.