Сайлау процесін сапалы ұйымдастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Осыны негізге ала отырып, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» үйінде «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының және онлайн-платформалардың рөлі» атты семинар-тренинг өтті.
Төрт академиялық сағатқа созылған бұл семинарға қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, аппарат басшылары, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ өңірдегі БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында алғашқы сөзді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов алып, сайлау процесінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуде медиа саласының жауапкершілігін атап өтті. Ол бұл семинардың басты мақсаты – ақпарат кеңістігіндегі шынайылық пен сенімділікті сақтау, сондай-ақ қоғамға тек тексерілген әрі ресми мәлімет ұсынудың маңыздылығын түсіндіру екенін жеткізді.
Семинар аясында облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалардың сайлау барысындағы рөлі» атты мазмұнды баяндама жасады. Ол әсіресе сайлау кезінде әлеуметтік желі мен блогерлердің ықпалы арта түсетінін айтып, алайда кейбір интернет пайдаланушыларының дәйексіз, расталмаған ақпарат таратуы қоғамда адасушылық тудырып жатқанын ескертті. Осыған орай, сайлау кезеңінде тек ресми және нақты дереккөздерге сүйенудің маңызын баса айтты.
Семинар барысында «Aulieata-Media» ЖШС директоры Данияр Асқарұлы бұқаралық ақпарат саласына енгізілген заңнамалық және технологиялық жаңашылдықтар жайында ой бөліссе, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жергілікті атқарушы органдар мен медиа құрылымдар арасындағы серіктестік тетіктеріне тоқталды.
Шарада басқа да қатысушылар пікір білдіріп, тәжірибе алмасу алаңына айналды. Жиын соңында сайлау комиссиясы мен ақпарат құралдары арасындағы өзара байланыс пен сенімді әріптестікті жоғары бағалаған Серғали Айдапкелов бірқатар белсенді азаматтарға Алғысхаттар табыстады.