Өткен аптада аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалы мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен 15 маусым – Әкелер күніне орай «Әке – шаңырақтың тірегі» атты дөңгелек үстел басындағы басқосу өтті.
Оған ауданымыздың Төбе биі Жамбыл Қалыбаев, аудандық ардагерлер, қоғамдық кеңестерінің төрағалары Жұманазар Көдеков, Сағынғали Аманов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жамбылов, еңбек ардагерлері Әбдікерім Тойшыбеков, Сарыүйсінбай Бақбергенов, Серік Тұмақбаев, ауыл жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Басқосуды партия филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев ашып, әкелер күнінің мәні мен маңызына кеңінен тоқталып өтті. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше.
–Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл-берекесі, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше,-деді ол. Содан кейін сөз алған, еңбек ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары Жамбыл Қалыбаев, Бекмұрат Жамбылов, Әбдікерім Тойшыбеков, Жұманазар Көдеков, еңбек ардагерлері Сағынғали Аманов, Сарысүйсінбай Бақбергенов, Серік Тұмақбаевтар өздерінің әкелері жайлы толғана естеліктер айтты.
«Әке – отбасының тірегі», «Әке – асқар тау» деп теңестіреді халық даналығы. Әке – жарық дүниедегі ең жақын адамның бірі. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеу, қадірлеу кез келген баланың борышы. Әке – асқар шың бақыттың алтын бағы. Әке-баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы. Әкенің түр-түрі болады. Бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты, енді бірі батыр да батыл қайсар болып келеді. Ал енді бірінің бойынан осы айтылғандардың бәрін көруге болады,- деді олар.
Дөңгелек үстел басындағы басқосу барысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Назира Бекенова «Әке – отбасының тірегі» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Сәкен Сағадин өзінің шығармашылығынан «Әкеге» атты арнау өлеңін тебірене оқыды.
Дөңгелек үстел басындағы басқосуды «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев қорытындылады.