Мойынқұм ауданында көшпелі қоғамдық қабылдаулар өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында ауданымыздың бірқатар елді мекендерінде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізілуде. Жуырда мұндай кездесулер Бірлік, Көкжелек және Мойынқұм ауылдық округтерінде ұйымдастырылды.
Игілікті бастаманы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалы жүзеге асырып отыр. Қабылдауларға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, мекеме жетекшілері, түрлі сала мамандары мен «Мансап» орталығының өкілдері қатысты.
Шара барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер сан алуан болды. Атап айтқанда, субсидия алу, ағын су тапшылығы, жер телімдерін бөлу, электр қуатының бағасы, жалақыны көтеру, жұмыспен қамту, кәсіп ашуға қатысты кеңестер беру, медициналық жабдықтау және тұрғын үй мәселелері сынды әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптар кеңінен қозғалды.
Келіп түскен әрбір өтініш жеке қаралып, сала мамандары тарапынан нақты жауаптар мен түсініктемелер берілді. Шешімі қарастырылатын мәселелер тіркеуге алынып, тиісті мекемелерге жолданды. Олардың орындалуы партия бақылауында болатыны да атап өтілді.
Бұл қабылдаулар – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың айқын көрінісі. Мұндай форматтағы кездесулер жергілікті халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – тұрғындардың мәселесі назардан тыс қалмайды.
Жоспарға сәйкес, көшпелі қоғамдық қабылдау шаралары жыл бойы ауданның барлық ауылдық округтерінде жалғасатын болады. Бұл — билік органдарының халықпен тығыз әрі нәтижелі қарым-қатынас орнатуға бет алғанының айғағы.