Мойынқұм таңы

Ауданымызда балықшылар күні аталып өтті

0 13

Шілде айының екінші жексенбісі елімізде дәстүрлі түрде «Балықшылар күні» кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Бұл – су маржандарын аулап, халықты табиғи өніммен қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарына арналған кәсіби мереке.

Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков өткен жексенбіде Мыңарал ауылдық округіне арнайы сапармен барып, сала мамандарын мерекемен құттықтады.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған футбол жарысының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарын спорт арқылы бірлікке, сергектікке шақырып, өз сөзінде балық шаруашылығының өңір үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

-«Балықшылар – табиғатпен үндесіп, қиын да жауапты жұмысты атқарып жүрген азаматтар. Сіздердің табанды еңбектеріңіз өңіріміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне сүбелі үлес қосылып келеді. Бұл күн – сіздердің еңбектеріңізге көрсетілген шынайы құрметтің көрінісі» – деді Қ.Төлеубеков.

Мерекелік шара барысында Мыңарал ауылының тұрғыны, балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен А.Өмірбекова – «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Аталған мерекеде бірқатар сала мамандарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

Марапат иелерінің барлығы – өз саласына адал, кәсібіне жанашыр, аудан дамуына нақты үлес қосып жүрген еңбек адамдары.

Айта кетейік, Мойынқұм өңірі су байлығымен де ерекшеленетін аймақтардың бірі. Мыңарал өңіріндегі балық кәсібі – ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып отырған маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек.

Өмірі мен денсаулығын бәйгеге тігіп, адал еңбек етіп жүрген азаматтарға зор денсаулық, толағай табыс тілейміз!