Мойынқұм ауылында спорт саласы тағы бір жағымды жаңалықпен толықты. 2025 жылдың 14 шілдесінде аудан орталығында жаңа шағын футбол алаңы ашылып, жергілікті тұрғындар үшін ерекше мерекеге айналды.
Жаңа спорт алаңы ауылдың орталық көшелерінің бірі – Т.Әубәкіров көшесінің бойында бой көтерді. Салтанатты шараға аудан басшылығы, ауыл тұрғындары, жастар және спорт сүйер қауым жиналды.
Жаңа спорт нысанының құрылысы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс негізінде жүргізіліп, нәтижесінде «ЖК Кәусар» мердігер ұйымы жеңімпаз атанып, 18 миллион 850 мың теңге қаражатқа сапалы түрде құрылыс жұмыстарын аяқтады.
Ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі Ермек Карентаев жастар мен спортшыларға ақжарма тілегін арнап, бұл нысанның маңыздылығына ерекше тоқталды.
– «Бұл футбол алаңы – салауатты өмір салтын дәріптеудің, жастардың бос уақытын тиімді өткізудің таптырмас орталығы болмақ. Біз жастарымызды салауатты әрі белсенді өмірге баулуды мақсат еттік. Бүгінгі күні ауылдарда осындай заманауи спорт инфрақұрылымының көбеюі – елдің жарқын болашағына салынған инвестиция. Алаңды тек футбол ойнайтын жер ретінде емес, ауыл жастарының ортақ демалыс және ынтымақ орны ретінде сақтауымыз керек. Спорт алаңын таза ұстап, қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз», — деді аудан басшысы.
Жаңа футбол алаңы ауыл тұрғындарының да ризашылығын тудырды. Ашылу салтанатында сөз алған Т.Әубәкіров көшесінің тұрғыны, ауыл ақсақалы Жәлел Мәзбаев ел ішіндегі игі өзгерістерге өзінің ризашылығын білдірді.
– «Мойынқұмда соңғы жылдары ауыл келбеті көркейіп келеді. Әсіресе, жастарға жағдай жасалып жатқаны бізді қуантады. Бұрын мұндай жайлы спорт алаңын армандайтын едік. Енді балаларымыздың босқа уақыт өткізбей, спортпен айналысатынына шын қуанамыз. Әкімдікке, құрылысшыларға рақмет айтамыз. Мұндай игі істер жалғаса берсін», — деді ауыл ақсақалы.
Айта кету керек, бұл нысан – соңғы жылдары Мойынқұм ауылында пайдалануға берілген алтыншы шағын футбол алаңы. Жаңа алаңның салынуы ауданның 60 жылдық мерейтойына орайластырылған ауқымды жұмыстардың бір парасы. Аудан орталығында және ауылдық округтерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жарқын көрінісі ретінде бағалануда.
Жастар үшін заманауи әрі ыңғайлы спорт нысандарының көбеюі – ауданның әлеуметтік дамуындағы оң динамиканы көрсетеді. Ендігі кезекте тұрғындар тарапынан ортақ мүлікті ұқыпты пайдалану мен сақтау мәдениетін қалыптастыру маңызды болмақ.