Өткен аптада «AMANAT» партиясының бастамасымен, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өтіп жатқан бір айлық «Қамқор бол!» акциясы негізінде ауданда арнайы жұмысшы топ құрылды.
Аталған топтың құрамына қоғамның әртүрлі салаларындағы белсенді өкілдер тартылды. Жұмысшы топ құрамына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы, мәслихат депутаты Ғалия Шубаева, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Мади Күнту, сондай-ақ аудан әкімдігі жанындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, білім бөлімі, «Мансап» орталығы мен орталық аурухананың өкілдері енді.
Партия филиалының мәжіліс залында өткен жұмысшы топтың кезекті отырысында акция аясында атқарылатын жұмыстардың жоспары нақтыланып, әр мекемеге нақты міндеттер жүктелді.
Акция аясында арнайы жұмысшы топ мүшелері Мойынқұм ауылының әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарын аралап, олардың тұрмыс жағдайымен танысты. Зерделеу жұмыстары барысында бір отбасыдағы жасөспірімге «Мансап» орталығы арқылы жұмыс ұсынылып, тараптар келісімге келді.
«Қамқор бол!» акциясының басты мақсаты – қоғамда қайырымдылық пен ізгілікке ұмтылысты арттыру, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға нақты көмек көрсету, сондай-ақ жастар арасында жанашырлықты, адамгершілікті насихаттау.
Жобаны іске асыру барысында тек материалдық көмекпен шектеліп қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйені қолдау көрсету де көзделіп отыр.
«Қамқор бол!» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қамқорлықты қажет ететін жандарға өз көмегін тигізе бермек.