Мойынқұм таңы

Сенатор аудандағы маңызды жобалармен танысты

0 14

Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында ауданымызға арнайы келді. Халық қалаулысы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысып, жүр­гізіліп жатқан жұмыстардың барысын көзбен көрді.

Депутаттың сапарына аудан әкімі Ермек Карентаев пен жауапты сала басшылары бірге қатысты. Сапар барысында сенатор ең алдымен ауданның оңтүстік-шығыс қақпасы саналатын Кеңес ауылдық округіне аялдап, ауыл тұрғындары көптен күткен бірқатар нысандарды аралады. Бұл жерде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған, қазіргі таңда тиісті құжаттарды ресімдеу кезеңінде тұрған екі маңызды әлеуметтік нысан бой көтерген.

Атап айтқанда, заманауи үлгідегі ірі спорт кешені мен 90 адамға арналған жаңа мәдениет үйі пайдалануға беруге дайын тұр. Сенатор аталған нысандардың құжаттарын ресімдеуді ұзаққа созбай, ауыл тұрғындарының игілігіне беру қажеттігін атап өтті.

Сапар аясында сенатор көгілдір отын тарту жұмыстарының да барысын көрді. Мойынқұм ауданына табиғи газ желісін жеткізу мақсатында жалпы ұзындығы 37 шақырымдық газ құбыры тартылуда. Оның 25 шақырымы Шу ауданы аумағынан өтсе, 12 шақырымы Мойынқұм аумағына тиесілі. Мердігер ұйым өкілдері жобаның межеленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтып, дегенмен қаржыландырудың кешеуілдеуі белгілі бір қиындық тудырып жатқанын мәлімдеді.
Депутат сапар барысында Бірлік ауы­лында жаңадан жаңғыртылған «Жеңіс» сая­бағына да барды. Жөндеуден өткен саябақ бүгінде ауыл тұрғындары мен көршілес елді мекендердегі халық үшін демалыс орнына айналғаны байқалды. Сенатор аталған игіліктің ауылдағы әлеуметтік өмірге оң ықпалын атап өтті.

Сондай-ақ, сенатор мен аудан әкімі Шу өзені бойындағы су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысты. Олар Мойынқұм айналма каналының механикалық тазалау жұмыстарының барысын тексерді. Сенатор Сәкен Арубаев ауыл шаруашылығын дамытуда су арналары таза болуының маңыздылығын атап өтіп, қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын оң ба­ғалады. Сонымен қатар, Шу өзенінің арнасында гидротехникалық құрылғы салу қажеттігі туралы пікір алмасып, оның ауыл шаруашылығы саласына және экологияға ықпалын талқылады.

Жұмыс сапарының соңғы бөлігі аудан орталығы Мойынқұм ауылында жалғасты. Сенатор көп пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарымен және аулаларды абаттандыру барысымен танысты. Тұрғын үйлердің аулаларына жаңарту жұ­мыстары жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасы артқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, аудан орталығының орна­ласқан тарихи-мәдени ескерткіш – обелиск маңында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының сапасын тексерді. Сапар барысында Сәкен Арубаев тек нысандарды аралап қана қоймай, ауыл тұрғындарымен, жергілікті қоғам белсен­ділерімен және ақсақалдармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

Халық қалаулысы мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық жобалардың дер кезінде аяқталуын бақылау, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу – депутаттық міндеттердің негізгі бағыты екенін атап өтті. Сенатор әрдайым ауыл халқының мәселелері назарда болатынын айтып, алдағы уақытта да осындай сапарлар арқылы елдің тыныс-тіршілігімен жіті танысып, мәселелердің шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.