«AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Карентаевтың қоғамдық қабылдауы өтті. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Қабылдау барысында Көкжелек ауылының тұрғыны қамқоршылық және қорғаншылық тағайындау мәселесін көтеріп, анасы жол апатынан қайтыс болғанын, әкесінің жоғалып кетуіне байланысты іздестірілуде екенін аудан басшысына жеткізді. Қамқоршысыз қалған кәмелет жасына жетпеген інісіне қамқоршы ретінде тағайындап беруін сұрады. Ал Хантау ауылының тұрғындары ауыз су, ауыл ішіндегі тал кесу, ауылдың тозығы жеткен электр бағаналарын, желілерін ауыстыру, жол жөндеу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, Күшаман ауылының тұрғыны мектепті жөндеу мәселесі, А.Назарбеков ауылының тұрғындары «Байбарақ» каналына гидроқондырғы орнату мәселесі, Ақсүйек ауылының тұрғыны Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мәселесі туралы түйткілді сауалдар қойды.
Өз ретінде аудан басшысы барлық көтерілген мәселелерге тиісті шаралар жасалып жатқанын жеткізіп, орынбасарлар мен бөлім басшылары, округ әкімдеріне тікелей тапсырма беріп, аталған мәселелердің орындалуына нақты мерзімін белгілеп берді.