Мойынқұм таңы

Футбол додасы өтті

0 14

Ауданның 60 жылдық мерейтойы аясында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» ұйымдастыруымен кіші футболдан аудандық жарыс өтті. Елдің бірлігі мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл турнир ауыл жастарының белсенділігін арттырып, көрермендерге тартысты ойындар сыйлады.

Жарысқа Жамбыл, Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков, Бірлік, Айдарлы және Мойынқұм ауылдарының намысын қорғаған 9 команда қатысты. Жеңіске деген жігер мен шебер ойын үлгісін көрсеткен командалар арасында бәсеке өте қызу өтті.

Нәтижесінде, А.Назарбеков ауылының командасы барлық қар­сыластарын қапы қалдырып, 1-орынды жеңіп алды. Ал Мойынқұм жастарының командасы үздік ойын өрнегін көрсетіп, 2-орынды иеленді.

Алайда, өкінішке қарай, 3-орын үшін өткен кездесуде командалар тарапынан спорттық тәртіп бұзылып, ойын ережелері сақталмады. Соның салдарынан командалар жарыстан шеттетілді. Мұндай келеңсіздіктерге болашақта жол берілмейтінін және тәртіп бұзған командаларға қатаң шара қолданылатынын ескертеміз.

Жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік ойыншыларға арнайы аталымдар табысталды. Бұл – ауыл жастары үшін үлкен серпіліс пен ынталандыру екені сөзсіз.
Жалпы, аудандық деңгейде ұйымдастырылған бұл турнир жас спортшылар үшін тәжірибе алаңы болды. Жарыс барысында ауыл жастарының ынтымағы, ұйымшылдығы мен спорттық рухы нығайып, алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге ұмтылуға серт берді.